Тоқаев: «Ақын-жазушыларымыздың туындылары 2,5 млрд оқырманға тарайды»

04.09.2019 16:50

Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармасы 6 тілге аударылады

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері қаламгерлерінің І форумын ашты. Мемлекет басшысы өз сөзінде қазақстандық ақын-жазушылардың туындылары алты тілге аударылатынын айтты, деп хабарлайды baq.kz.

«Төл әдебиетіміздің асқар шыңға шығуы ұлы ойшыл Абайдың даналық болмысымен тығыз байланысты. Бүгінде төл әдебиетіміздің көкжиегі кеңейіп, әлем әдебиетінің даму көшіне қосылды. Дүние жүзі жұртшылығы қазақ әдебиетінің туындыларын, ұлттық руханиятымызды танып білуде. Қазақстандық 30 жазушы мен 31 ақынның шығармалары Біріккен Ұлттар Ұйымының алты тіліне аударылып, жарыққа шыққалы отыр. Осы туындылар бес құрлықтағы 90-астам елге, яғни 2,5 млрд оқырманға тарайды. Бұл қазақ әдебиеті тарихында бұрын-соңды болмаған бірегей оқиға», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, Тоқаев форумда «Азия алыбы» халықаралық әдеби сыйлығын тағайындауды және электрондық кітапхана құруды ұсынды.