Балташ Тұрсынбаев 76 жасында дүниеден өтті
Алматылықтар мемлекет және қоғам қайраткері Балташ Тұрсынбаевты ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Halyq Uni-не сілтеме жасап.
Ғылым ордасы ғимаратында өткен қаралы жиынға қоғам қайраткері Оразалы Сәбден, ғарышкер Тоқтар Әубәкіров, диссидент Хасен Қожахмет, қоғам қайраткері Рысбек Сәрсенбайұлы, қазақстандық кәсіпкер Болат Әбілов, «Дат» газетінің бас редакторы Ермұрат Бапи, журналист Гүлжан Ерғалиева қатысты.
Жиында президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көңіл айту жедел хатын Оразалы Сәбден оқыды. Ал Алматы әкімдігінің атынан қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбай қоғам қайраткерінің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Балташ Тұрсынбаев Арыстағы жарылыста, Қордайдағы қырғында, соңғысы Қаңтар қырғынында елдің ортасында болды. Басқалар секілді денсаулығын сылтауратып бұғып жатқан жоқ… Ол ашуланып айтты, қатты айтты. Бірақ соны билік ұға алды ма? Менің ойымша, ұға алмады. Ұққан болса билік мынандай қателік жасамас еді. Ананың көз жасы төгілмес еді… Ұлылардың елін ұрылардың еліне айналдырғандардың арасынан, жоғары биліктен кетті. Қолын былғаған жоқ. Жүрегі таза, ойы таза азамат еді», – деді Рысбек Сәрсенбайұлы сөйлеген сөзінде.
Айта кетейік, Балташ Тұрсынбаев 2022 жылдың 14 тамызында 76 жасында дүниеден өтті.