Құстар мен тиіндерді тамақтандыру деген атаулы күнді кім ойлап тапқаны беймәлім. Алайда бұл атаулы күннің өзегі – адамдарды мейірімділікке шақыру, қоғам назарын аң-құсқа аудару екені хақ, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі zakon.kz-ке сілтеме жасап. Мамандардың айтуынша құс пен тиінге тамақ берудің де арнайы ережесі бар.
- Қуырылған, тұзды тамақтар бермеңіз. Нанның өзін де қалдыру қауіпті, құрғақ кепкен нан салған дұрыс, - дейді мамандар.
Құстар үшін ең әмбебап тамақ – тұздалмаған, қуырылмаған шемішке. Бұндай шемішкені тиін де жақсы көреді. Алайда шие, өрік, шабдалы дәндері, чипсы, печенье, нан мен шоколад беруге болмайды. Рапс, зығыр, асқабақ тұқымы, жержаңғақ, алма кесектері мен жидек құпталады.
ҚР БҒМ ҒК Зоология институтының жетекші ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Юрий Грачевтің сөзінше, тиінге грек жаңғағын беруге болады. Алайда жаңғақты ұсақтамай-ақ сол қалпында беру керек.
Егер тиін берген жаңғағыңызды ұясына апарып тығып тастаса, ол тоқ деген сөз. Алдымен тиін жаңғақты алып, оны екіге бөлу үшін ұзақ зерттейді. Кейін оны мүжіп жейді.
Алматы қаласының саябақтарында тиін көп. Олар өте әдемі, жазда ашық сарғыш түсті болады, ал қыста терісі күміс түске боялады. Алайда тиін Алматыға өткен ғасырдың 60-жылдары әкелінген, оған дейін болмаған. Бұлғын жануары тиінмен қоректенетіндіктен тиін саябақтарға келген. Бұлғын мен тиіннің екеуін де әкелген, алайда бұлғынға қарағанда тиін жақсырақ көбейіп, қазіргі таңда осы бір ерекше сәнді жануар саябақтардың көркіне айналды.
Он жыл бұрын "Тиін терапиясы" атты тренд пайда болған. Оны ойлап тапқан алматылық зейнеткер Юрий Булаков 28-гвардияшыл-панфиловшілер паркіндегі тиіндерді тұрақты түрде тамақтандыратын болған. Зейнеткердің жарты зейнетақысы осы шаруаға кетеді екен. Ол тиінге қарағанда өмірге құштарлығы артатынын айтқан.
Зейнеткердің бұл жұмысы жан-жаққа тез таралып, адамдар оған ақшалай да, жаңғақ әкеліп те көмектесе бастаған. Басында тиіндер адамдарға көп жоламайтын, жаңғақ беріп үйрете бастаған соң олар адамдарға өздері келетін күйге жеткен. Тиін терапиясы көңіл күйді көтереді, миды тыныштандырады, демалтады. Тиіннің өзі де сүйкімді жануар.
Көп адам тиін мен құстарды тамақтандырғаннан өзінше рахат алатынын мойындайды. Тиін тек паркте ғана емес, тауда да көп. Біз тиіндер Алматы қаласы бойынша тағы қайда жүретінін зерттеп көрдік. Тұңғыш президент қорының паркі, Тұңғыш президент паркі, Атакент, жоғарыда аталған 28-гвардияшыл-панфиловшілер паркінің ішінде орналасқан Вознесендік собор, Ботаникалық саябақ, Баум тоғайы сияқты жерлерде тиін жүреді.
Алайда тиінді тамақтандырғанда барынша сақтық ережесін де сақтаған жөн. Өйткені тиін абайсызда қолды тістеп алған жағдайда, одан құтыру вирусы жұғуы мүмкін. Сау адамға осы вирусты жұқтырған жануардың тістеп алуы нәтижесінде жұғатын аурудың бетін қайтару үшін арнайы екпе алу керек.
Тиін дегенде көз алдымызға тек сарғыш түсі елестейді. Бұл – кәдімгі тиін, алайда аталған жануардың 40-тан астам түрі бар. Біз көріп жүрген тиіннің құлағында шашағы бар, ұясын ағаш басына салады. Жылына екі рет балалайды. Тиінді терісі үшін аулайды. Өйткені тиіннің терісі ерекше қасиеттеріне байланысты жоғары бағаланады. Ол бір ағаштан екінші ағашқа ұша алатын қабілетке ие. Алайда өзіне қауіп төніп тұрғанын түсінсе, тиін адамға да, жануарларға да шабуыл жасайды. Бұл кеміргіштердің басты жауы – енот, жылан, үкілер. Тиін ағашта өмір сүреді.
Тиінді үйде асырайтын адамдар да бар. Өйткені ол – қолға үйренетін жануар. Алайда тиіннің табиғат аясында емін-еркін жүргені адамдарға көбірек қуаныш сыйлайтыны анық.
Оқи отырыңыз:Желтоқсанда қазақстандықтар қанша күн демалады