Мұнда ертеректе жас балалар жерленіп, биік қоршау қойылған
Түркістан облысының Дархан ауылының тұрғындары мазар үстіне тұрғызылған шипажай құрылысына наразы, деп хабарлайды stan.kz.
Айтуларынша, мұнда ертеректе жас балалар жерленіп, биік қоршаумен оқшауланып келген.
Алайда белгі салынған орынға кәсіп иелері құрылыс жүргізгеннен бері баланың бас сүйгі табыла бастапты. Қазір аталған орында құрылыс қызу жүріп жатыр.
"Біз басшыларына да ескерттік. Дұрыс емес дедік. Олар бізді тыңдаған жоқ", - деді тұрғын.
Сарыағаштың құрылысы қарқын алған орында ескі мазарат болған. Орыннан баланың сүйектері табылғанын жер иесі де мойындады.
"Баланың басы табылды. Кішкентай ғана бас сүйек. Балаларды қойған мазар болған деседі. Тек кейін қараусыз қалған", - деді жер қожайыны Айқожа Мелдеев.
Нысан иелері мазар аумағына 3 метр ғана өттік деп отыр. Ал, аудандық сәулет мекемесі құрылыстың заңсыз екенін дәлелдей аламыз дейді.
"Мемлекеттің жер учаскесіне заңсыз құрылыс жүргізгені анықталды. Жер инспекциясы басқармасы мен Сәулет құрылыс бақылау басқармасына хат жолданып, анықтау жұмысы жүріп жатыр. Айыппұл салып, бұздыруға, сотқа талап арыз беру басқарманың құзіретінде", - деді Сарыағаш аудандық Сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Нұрдәулет Рахым.