Түркістан облысының Ордабасы ауданы тұрғындары ішіп отырған ауыз судан құрт шығып жатыр. Олар құбырдан аққан судан сүзіп алған құртты дәлел ретінде көрсету үшін, оны видеоға түсіріп алған, деп жазады Stan.kz.
«Төрткөл ауылының ауыз суы мынадай болып жатыр. Сүзіп едік құрттар шықты»,- дейді ауыл тұрғыны.
Тұрғындар күнделікті қолданатын су болғандықтан, денсаулықтарына алаңдап, дабыл көтеруге мәжбүр болған.
«Құрт шыққанын өз көзіммен көрдім. Шелегіме түскен құртты суретке түсіріп алдым. Тиісті мекеме қызметкерлеріне талай бардық, бірақ ешқандай нәтиже шыққан жоқ. Ай сайын келіп, судың ақшасы деп, 500 теңгеден жинап кетеді, бірақ оның тазалығын қадағалайын демейді»,- дейді ауыл тұрғыны.
Аудандық шаруашылық коммуналдық бөлімінің жауапты мамандары ауыз судан құрт шықты деген дерекпен келіспейтінін айтады. Санитарлық тазалық сақталады, тексеруші мамандар бар дейді. Дегенмен, Төрткөл елді-мекенінде су тазалайтын қондырғылар ескіргенін мойындап отыр.
«Санэпидстанция аудан бойынша су жүйелерін айына екі рет су жүйелеріндегі жалпы залалсыздандыру жүргізіледі. Төрткөл ауылы бойынша наурыз айында 16 миллион бактерицидтік қондырғылардың ескіруіне байланысты жаңасын орнатуға қаржы бөлінді. Енді 1-2 аптаның ішінде орнату жоспарлануда»,- дейді Ордабасы аудандық ТҮКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Асқар Балабиев.