Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтты
Жыл басынан бері жұмыспен қамту шараларымен 1 миллионнан астам қазақстандық қамтылды. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Үкімет отырысында айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Министрдің айтуынша, 2020 жылмен салыстырғанда еңбек нарығы біртіндеп қалпына келіп жатыр және оның негізгі көрсеткіштері оң қарқын көрсетуде.
«Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, биылғы 2 тоқсанда жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды құрады. Оның ішінде жұмыспен қамтылғандар саны 73 мың адамға артты. Салалар бойынша жұмыспен қамтылғандардың қатарында қызмет көрсету саласының үлесі басым», – деді Еңбек министрі.
Пандемия басталғаннан бері жұмыс берушінің бастамасымен уақытша жұмыспен қамтылмағандар саны 12,3 есеге кеміді. Ең бастысы, жұмыссыздық деңгейі 4,9% көлемінде сақталды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі өткен жылмен салыстырғанда төмендеп, 3,7%-ды құраған.
«Жалпы, биыл 1,2 млн адамды жұмыспен қамту шаралары жоспарланған. Оның ішінде 700 мың адам «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде, 42 мың адам – Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында және 440 мың жаңа жұмыс орындарын құру қарастырылған. Қазіргі уақытта осы 3 бағыт бойынша 1 миллионға жуық адам қолдау шараларымен қамтылды»,– деді С. Шәпкенов.