Оның ішінде, аудандық деңгейдегі атқарушы орган қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға көбейеді
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1 шілдеден бастап бюджет саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын 30 пайызға көбейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Осы жылдың 1 шілдесінен бастап бюджет саласының жалақысы төмен қызметкерлерінің айлығын 30 процентке көбейтуді тапсырамын. Сонымен қатар, облыстық, аудандық деңгейдегі атқарушы органдардың лауазымы төмен қызметкерлерінің жалақысын орташа есеппен 25 процентке өсіруді тапсырамын», - деді Назарбаев Астанада өтіп жатқан «Нұр Отан» партиясының сьезінде.
Президенттің айтуынша, бұл мақсатқа 2019-2021 жылдары қосымша 980 миллиард теңге бөлінеді.
«Үкімет барлық шығынды жіті қадағалауы тиіс, бөлініп жатқан қаражат адресатқа жетуі керек. Биыл республикалық бюджеттің барлық шығынының 45 проценті әлеуметтік салаға бағытталады», - деді Елбасы.
Айта кетсек, Астанада Қазақстан президентінің төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі болып жатыр.