Қазақстанда мемлекеттік сатып алу шараларына шағымдану ақылы болмақ

15.08.2019 17:10

Биылғы жылдың жеті айында бізге 17 мың арыз-шағым келіп түскен

Қаржы вице-министрі Руслан Бекетаев қандай жағдайда бұл төлемдердің иесіне қайтарылатынын айтып берді. Оның айтуынша, арызды үйден шықпай жатып, веб-портал арқылы жолдау мүмкіндігі шыққалы шағым берушілер саны күрт артқан. Сондықтан осындай шара қолдануға туар келген. Егер арызданушының сөзі расталса, қаражат қайтарылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Биылғы жылдың жеті айында бізге 17 мың арыз-шағым келіп түсті. Мұндай мысал өте көп. Себебі шағым келіп түскенде, бізде барлық келісімдердің, мемлекеттік сатып алудың барлық шаралары 10 жұмыс күніне тоқтап қалады. Арызданушылар мемлекеттік сатып алудың басқа қатысушыларына, ұйымдастырушының жұмысына шағымданады. Алайда, басым бөлігі атап айтсақ, шағымдардың 60 пайызы негізсіз. Себебі көбіне ол уақытты ұзарту үшін жүргізіледі», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан БЕКЕТАЕВ.

Вице-министр мемлекеттік сатып алу саласында арызға төлем алу Еуропа Одағы мемлекеттерінде, Армения, Грузия мен Украинада кеңінен қолданылады деді. Бұдан бөлек, Қазақстанда мемлекеттік сатып алуларға арналған интернет-дүкен құру ұсынылып отырғаны мәлім болды. Мамандар осының арқасында бір жерден сатып алуға тосқауыл болып, әділ бәсекелестікті құруға септігін тигізбек.

«Интернет-дүкен не екенін бәрі білетін шығар. Бүгінде онлайн режимде қандай да бір тауарды сатып алуға болады. Бұдан бөлек, біз сатып алудың жаңа әдісін енгізбекпіз. Ол «шекті келісім» деп аталады. Осы тәсілдің арқасында әлеуетті жеткізушілерді бәсекелік әдіспен таңдауға септігін тигізіп қана қоймай, тауар, жұмыс, қызметке қол жеткізудің мерзімін біршама қысқартады. Мәселен, 45 күннен 5 күнге дейін қысқарады», – деді ҚР Қаржы вице-министрі Руслан БЕКЕТАЕВ.