Банк атын жамылған телефон алаяқтарына алданып қалмас үшін не істеу керек

24.06.2022 17:13

Биыл Ішкі істер министрлігінде 20000 алаяқтық жағдайы тіркеліп, оның 9000-ы интернет алаяқтық болған

Photo: kapital.kz

ІІМ аппарат жетекшісі Игорь Лепеха азаматтарға алаяқтарға алданып қалмаудың жолын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Игорь Лепеха алаяқтардың жалған телефон нөмірі арқылы қоңырау шалуына жол бермейтін әдіс бар екенін мәлімдеді.

«Бүгінгі таңда біз цифрлық даму министрлігімен бірлесіп, телефонға келген қоңырауды бұғаттауға мүмкіндік беретін бағдарламаны пысықтап жатырмыз. Яғни бағдарлама, егер алаяқ қоңырау шалған кезде басқа біреудің телефон нөмірін қолданса, қоңырау шалушыны абонентпен байланыстырмайды. Қоңырау, қабылдаушыға мүлдем келмейді немесе бірінші қоңырау келіп, содан кейін бағдарлама ол нөмірді автоматты түрде бұғаттайды»,- дейді аппарат жетекшісі.

Игорь Лепеха бұл мәселенің басты назарда екенін атап өтті. Ол, осыған байланысты ұялы байланыс операторларымен сөйлесіп, бағдарламаның барынша тез дайын болуы қарастырылғанын хабарлады. Мұнымен қоса ол азаматтарға алаяқтар қоңырау шалғанда не істеу керектігіне байланысты кеңес берді.

«Алаяқ қоңырау шалып бүгін осындай банкте сіздің шотыңыздан біреу ақшаңызды алуға келді деп айтуы мүмкін, бірақ бұл жалған ақпарат, себебі банктің қауіпсіздік қызметі бұлай жұмыс жасамайды. Егер сенімсіз болсаңыз телефонды қойып, сол нөмірге қайта қоңырау шалып көріңіз. Себебі ол алаяқ болса сізге енді жауап бермеуі мүмкін. Одан кейін банктің ресми нөміріне қоңырау шалып сұраңыз, тіпті банкке барып мән-жайға көз жеткізуге ерінбеңіз», - деді Игорь Лепеха.

Биыл Ішкі істер министрлігінде 20000 алаяқтық жағдайы тіркеліп, оның 9000-ы интернет алаяқтық болған.