Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту қажеттігін атап өтті
Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевты қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа экологиялық заңнаманы жүзеге асыруға және табиғи ресурстарды сақтауға қатысты бірқатар тапсырма берді.
Президент Ірі кәсіпорындардың шығарындыларын азайту жөніндегі жоспардың іске асырылуын, сондай-ақ осы нысандардағы шығарындыларға мониторинг жасау үшін автоматтандырылған жүйе енгізу ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Мемлекет басшысы министрлікке қарасты ведомстволық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын жақсарту және ұлттық парктердегі орман өртінің ошақтарын ерте анықтау жүйелерін тезірек енгізу, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев ағаш отырғызуға қатысты ауқымды бағдарламаны жүзеге асыру және ретсіз пайда болған қоқыс полигондары мәселесін шешудің кешенді тәсілдерін әзірлеу маңызды екеніне назар аударды.
Оқи отырыңыз: Алматы әкімі Ерболат Досаев Жетісу ауданы тұрғындарымен кездеседі