Павлодар облысында жол апатынан екі оқушы қаза тапты

06.06.2024 17:16

«КамАЗ» бен скутер айыппұл тұрағына жеткізілді

Фото: t.me/tipavlo

Павлодар облысында тас жолда жол-көлік апаты болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Azattyq Rýhy агенттігіне сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға 5 маусым күні Павлодар-Ақсу тасжолында сағат 16:30-17:00 аралығында болған.

2009 жылы туған кәмелетке толмаған бала скутермен шығыстан батысқа қарай бет алған. Ақсу қаласынан шамамен 3 шақырым жерде транспортта басқара алмай, жолдың оң жақ жолағында тұрған «КамАЗ» маркалы автомашинаның артқы бөлігінде соғысқан. «КамАЗ» «Қазавтожол» ЖШС-не немесе «Кажсервис ДЭУ-62» ЖШС ПОФ-на тиесілі болуы мүмкін. Белгілі болғаны, шұңқырды айналып өтпек болған «КамАЗ» жолдың шеткі бөлігіне жылжыған.

Апат салдарынан 2008 жылы туған кәмелетке толмаған жолаушы оқиға орнында қайтыс болды. 2009 жылы туған скутердің жүргізушісі Павлодардың бірінші қалалық ауруханасына жеткізіліп, есін жия алмай, қаза тапты. Кәмелетке толмаған екі оқушы да Ақсу қаласы №2 орта мектебінің 9-сыныбында оқыған.  

«КамАЗ» бен скутер айыппұл тұрағына жеткізілді.

«Павлодар – Ақсу автожолында кәмелетке толмаған скутер жүргізушісі мен оның жолаушысы қаза тапқан ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.