Мекеме мамандары 2018 жылдан бері дабыл қақса да аудан билігі бүгінге дейін үнсіз келген
Жамбыл облысында жарты миллиард теңгеге жуық қаржыға салынған балабақша қирағалы тұр. Қаратау қаласында 2012 жылы пайдалануға берілген бөбекжайдың қабырғалары жарылып, қауіпті жағдайға жеткен, деп хабарлайды Almaty.tv.
Директордың сөзінше 280 орындық балабақша 425 млн теңгеге салынған. Бірақ ғимарат құрылысы уақытынан бұрын біткен көрінеді. Сондықтан сапасыз дейді. Қазір мекеменің бір қабырғасында төбесінен бастап іргетасына дейін жарықша пайда болған. Мекеме мамандары 2018 жылдан бері дабыл қақса да аудан билігі бүгінге дейін үнсіз келген. Енді жөндеуге 120 млн теңге қаржы сұрап отыр. Дегенмен аудан өкілдері ауқымды ақша сұрағаны үшін облыс басшысынан ескерту естіген.
«Басында болжам айтылған 120 млн деп. Бұл үлкен ақша болғаннан кейін, сол жағы ауырлау болды деп ойлаймын. Қазіргі таңда 87 млн деп айтылып жатыр. Ешқандай өзгерістер енгізілген жоқ. Бірақ сметалық құжаттар дайын болып өткенде ғана хабарласты «қолдау тапты» Алла қаласа биыл құрылыс жүргізілетіні жайында», – деді Бөбекжай-балабақша директоры Күнжарқын Жұманазарова.