Ұлттық статистика бюросы экономиканың әртүрлі салаларындағы ерлер мен әйелдердің бөлінісін де салыстырған
2021 жылғы деректер бойынша әйелдердің орташа айлық атаулы жалақысы 220 160 теңгені (2020 жылы – 182 679 теңге), ерлерде – 281 239 теңгені (2020 жылы – 243 524 теңге) құрады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап.
Абсолюттік мәнде айырмашылық орта есеппен 61 079 теңгені құрады, пайыздық мәнде гендерлік алшақтық – 21,7% (2020 жылы-25%).
Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросы экономиканың әртүрлі салаларындағы ерлер мен әйелдердің бөлінісін де салыстырған.
Жалдамалы жұмыс істейтін ер адамдардың едәуір үлесі дәстүрлі «ерлерге тән» салалары: құрылыс (77,2%), өнеркәсіп (68,9%), ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы (57,8%), көлік және қойма (77,4%) салаларында жұмыспен қамтылғанын атап өткен жөн.
Әйелдер ауыл шаруашылығы секторында (42,2%), өнеркәсіпте (31,1%) және құрылыста (22,8%) азырақ, бірақ сауда (57,1%), орналастыру және тамақтану қызметтерін ұсыну (65,4%), білім беру (72,9%), денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету сияқты экономикалық қызмет салаларында басым (73%).
Сонымен қатар, елімізде өзін-өзі жұмыспен қамтыған ерлер саны әйелдерге қарағанда басым екен.
2021 жылы 15 және одан жоғары жастағы жұмыс күшінің саны 9,3 млн адамды немесе халықтың жалпы санының 69,3% (2020 жылы – 69,2%) құрады. Экономиканың түрлі салаларында 8,8 млн адам жұмыспен қамтылған, оның ішінде 4,2 млн адам немесе 48,3% – әйелдер (2020 жылы – 48,2%).
Жұмыспен қамтылған халық құрылымының басым бөлігін жалдамалы жұмыскерлер құрайды – 6,7 млн адам немесе жұмыспен қамтылғандардың жалпы санының 76,2%, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар 2,1 млн адам немесе 23,8%.
Бұл ретте, егер жалдамалы жұмыскерлер санында гендерлік теңдік байқалса (50,9% – ерлер, 49,1% – әйелдер), өз бетінше жұмыспен қамтылғандар арасында әйелдермен (45,6%) салыстырғанда ерлердің үлесі сәл жоғары – 54,4%.