«Нашар ұйымдастырылған»: Мамин әкімдердің жұмысын сынға алды

16.04.2019 17:37

Премьер-министр барлық мемлекеттік органдар экономиканың өсу қарқынын арттыруы тиіс екенін айтты

Үкімет басшысы Асқар Мамин әкімдерге құрылыс пен инвестиция бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Маминнің айтуынша, осы жылдың үш айында жалпы ішкі өнім 3,8 процентке өсті. Құрылыс, сауда, тау-кен өнеркәсібі мен көлік салаларында өсім байқалады.

«Негізгі көрсеткіштер бойынша бірінші тоқсанда ШҚО, Қостанай, Атырау, Павлодар мен Қызылорда облыстары жақсы нәтиже көрсетті. Ал Ақмола облысы мен елорда құрылыс пен инвестициялар бойынша көрсеткіштер төмендеп кеткен. Осы бағыттағы жұмыстардың нашар деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтемін», - деді Мамин Үкімет отырысында.

Жыл қорытындысы бойынша оң көрсеткіштерді қамтамасыз ету үшін премьер-министр негізгі капиталға, құрылысқа және басқа да секторларға салынатын инвестицияларды одан әрі өсіру жұмысын күшейтуді тапсырды.

«Аталған мәселелер бойынша шұғыл түрде тиісті шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеру шараларын қолға алуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.

Маминнің айтуынша, 18 сәуірде шетелдік инвестицияны тарту бойынша жаңа тәсілдер талқыланады. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары мен инвестициялық саясатқа жауапты әкім орынбасарлары қатыспақ.

«Барлық орталық және жергілікті мемлекеттік органдар экономиканың өсу қарқынын арттыруға тиісті шараларды ұйымдастыруы қажет», - деді премьер.