Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасын беру тоқтайды

30.10.2019 16:59

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында тағы 8 қызметті электронды форматта халыққа ұсыну жоспарлануда

rao.kz

Яғни, 1 қарашадан бастап азаматтар мекенжай анықтамасын egov.kz порталындағы жеке кабинетінен ала алады. Осы тұрғыда «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы арнайы мекемелермен, әсіресе университеттермен меморандумға отырып, белсенді жастарға халыққа қызмет көрсетудегі инновацияларды таныстырып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, тұрғылықты жері бойынша мекенжай анықтамасын беру – еліміздегі сұранысқа ие ең танымал мемлекеттік қызметтердің бірі екен.

«Қалтадағы ХҚКО» дегенді қазір елдің бәрі біледі. Осы арқылы бір рет тіркеуден өткізгеннен кейін, керек анықтамалықтарды алуға болады. Бүгінде ең керек деген 24 анықтаманы біз электронды түрде үйде отырып-ақ шығара беруімізге болады», – деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы алматы қалалық филиалының  директоры Данияр ҚЫРЫҚБАЕВ.

Мекенжай анықтамасын қағаз түрінде беруді тоқтату – мемлекеттік қызметтердің сапасын көтеріп, кезекте тұру уақытын қысқарту мақсатында қолға алынып отыр. Айта кетейік, жыл соңына дейін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында ішкі істер министрлігі тағы 8 қызметті электронды форматта халыққа ұсынуды жоспарлауда. Осылайша, ведомстводадағы мемлекеттік қызметтердің 90 пайызға жуығы автоматтандырылады деп мәлімдеген. Бұл тұрғыда, алдымен белсенді жастармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу – нәтижелі жұмысқа әкеледі дейді университет басшылары.

«Бұл меморандум біздің студенттер мен магистранттарға кәсіби тәжірибеден өтуге жақсы мүмкіндік береді. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының аясында біздің студенттер тәжірибеге бағытталған білім алады. Жиын барысында халыққа қызмет көрсету аясында қандай инновациялық технологиялар бар екендігі туралы жақсы презентация ұсынылды. Жастар инновациялық және ақпараттық технологиялар туралы неғұрлым көп білсе, жаңа білімді тезірек меңгере алады», – деді Каспий университетінің оқу-әдістемелік жұмысы бойынша бірінші проректоры Нұржамал ДҮЙСЕНҚҰЛОВА.