Ассамблея ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің ғылыми институтына айналды – Алматы ҚХА мүшелері

12.11.2020 17:39

11 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің онлайн-отырысы өтті

@almaty_akimat

11 қарашада ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің онлайн-отырысы өтті. Бейне конференция байланыс режиміндегі отырысқа Алматы қаласының ҚХА мүшелері қатысты.

Шара соңында Алматының ҚХА мүшелері, этномәдени ұйымдардың өкілдері кеңес барысында айтылған мәселелерге қатысты ойын бөлісті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазақстанның «Филия» Гректер қоғамы Қауымдастығының президенті Георгий Иорданиди ғылым мен технологияларды дамыту міндеттерін жүзеге асыруда жастардың ерекше рөлін атап өтті.

«Ассамблеяға 25 жыл толды. Осы жылдары Ассамблея баладан ғалымға айналғанын атап өткім келеді. Бұрын бұл елдің ұлтаралық, конфессияаралық даму мәселелерін шешіп, Қазақстанның барлық халықтары үшін берекелі жағдайлар жасауы тиіс қоғамдық институт болатын. Ассамблея үлкен мемлекеттік қызметті атқарып отырған ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің ғылыми институтына айналды. Ғалым, педагог ретінде маған Елбасының жастар мәселесін көтергені қуантты. Заманауи әлемде бастысы жаңа технологиялар болып табылады. Біздің балаларымыз сол технологияларды осында, біздің туған жерімізде жасаулары тиіс. Мен Қазақстанымыздың гүлденгенін және оның гүлдендіруге менің балаларымның да қатысқанын қалаймын», – деді ол.

Сонымен бірге, Г. Иорданиди Ассамблеяны дамыту перспективалары мәселесіне тоқталып, ҚХА жанындағы Қоғамдық келісім кеңесінің маңыздылығын атап өтті.

«Қоғамдық келісім кеңесі құрылды. Мен оларға көбірек құқық беру керек деп ойлаймын. Бұл кеңестер ауыл әкімдерімен тығыз жұмыс жасауы тиіс. Әкім оларды өзінің басты көмекшілері ретінде көруі қажет. Билік өкілдері мен белсенділердің тығыз одағы болған жағдайда, жалпы адамдармен қарым-қатынас болғанда ғана оң нәтиже береді», – деп атап өтті Қазақстан Гректер қауымдастығының төрағасы.

«Ахыска» түрік этно-мәдени орталығы» республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Зиятдин Касанов шара барысында мемлекеттік тілдің алатын орны туралы мәселе көтерілгенін айтты.

«Бүгінде қазақстандықтардың 70 пайыздан астамы мемлекеттік тілде сөйлейтіні айтылды. Барлық қазақстандықтардың, әсіресе, мектеп бітіруші жастардың мемлекеттік тілде сөйлеу міндеті тұр. Және екіншіден, мемлекеттік тіл біздің қазақстандық қоғамның бірігуінің басты факторы болуы керек. Сол арқылы біздің қоғамымыз бұрынғыдан да ұйымшыл бола түседі», – деп атап өтті З. Касанов.

Өз кезегінде Әзірбайжандар қауымдастығы республикалық қоғамдық ұйымының төрағасы Абильфас Хамедов Ассамблея мүшелері тарапынан көрсетілетін қолдау туралы атап өтті.

«Мен Қазақстан пендемиядан сәтті өтіп жатыр деп ойлаймын. Біз барлық облыстарда көмек көрсету орталықтары ұйымдастырылғанын көріп отырмыз, сондай-ақ, Қазақстан халықтары Ассамблеясы тұрмысы төмен жандарға белсенді көмек көрсетуде және бұрын да көрсетіп келген. Мұндай штаб Қазақстан әзірбайжандары қауымдастығы жанынан да құрылған, ол арқылы барлық облыстарда осы ауруға шалдыққандарға материалды және моральдық көмек көрсетіледі. Сонымен қатар Қазақстан халықтары Ассамблеясы Ұлт көшбасшысы атап өткен барлық әлеуметтік жобаларға да қатысып келеді», – деп айтқан А. Хамедов Қазақстанның әртүрлі ұлт өкілдері бірлік пен келісімде тұрып жатқан достықтың университеті екенін қоса айтып өтті.

Алматы қаласының Қазақстан халықтары Ассамблеясының құрамына 37 этномәдени бірлестіктер кіреді. Олар білім беру, ұлттық мәдениет, дәстүр және тілдерді дамыту мәселелерімен шұғылданады, мәдениеттер арасындағы әр алуандықты қалыптастыруда және ұлттар арасындағы байланыстың нығаюында үлкен рөл атқарады.