Наурыз және сәуір айлары үшін лифт қызметінің ақысын төлей алмағандарға өсімпұл мен айыппұл санкциялары салынбайды
Биылғы наурыз және сәуір айларында Алматы қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғындары лифт қызметінің ақысын төлей алмаған жағдайда, оларға өсімпұлдар мен айыппұл санкциялары салынбайды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі орталығында өткен брифингте «Алматы лифт» ЖШС басшысы Нұржан Құрақов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Коронавирус инфекциясының таралмауы үшін Қазақстанда төтенше жағдай және Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуіне байланысты «Алматы лифт» ЖШС Алматы қаласы әкімінің тұрғындарға коммуналдық қызмет төлемдерін жыл соңына дейін төлеу туралы бастамасына қолдау білдіре отырып, көппәтерлі тұрғын үйлердегі лифт қызметінің наурыз және сәуір айларындағы ақысын жыл соңына дейін бөліп төлеуге болатынын айтты.
«Біз осындай қиын кезде аталмыш бастамаға қолдау білдіре отырып, өзге әріптестерімізді де осы бастамаға қолдау білдіруге шақырамыз. Қазіргі уақытта біз 3 мыңға жуық лифтке қызмет көрсетеміз, оның 2,3 мыңы көппәтерлі тұрғын үйлердегі 100 мыңнан астам абонентті қамтып отыр. Біздің ұйымның 192 қызметкері мен 60 диспетчерлік пункті карантин режиміне қарамастан, күн сайын лифт құрылғыларының қауіпсіз және үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде», – деп атап өтті «Алматы лифт» ЖШС басшысы.
Айта кетерлігі, Алматы қаласының тұрғын үй қорында 40-қа жуық сервистік компания қызмет көрсететін 5,5 мыңнан астам лифтілер пайдаланылады.