Елімізде ең жоғары жалақы төленетін жұмыс орындары аталды

12.02.2024 17:43

Ең көп жалақыны жұмыс берушілер өндірістегі база бастықтарына береді

elements.envato.com

Қаңтарда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) жұмыс берушілер 97,3 мың бос жұмыс орнын, ал жұмыс іздеушілер 191,1 мың түйіндеме орналастырды. Өткен жылдың желтоқсан айымен салыстырғанда бос орындар саны 22,3 мыңға (-19%) азайды, ал түйіндеме саны 132 мың бірлікке (+223%) өсті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.

Осылайша, қаңтарда жұмыс берушілердің сұранысы жұмыс іздеушілердің еңбек биржасындағы ұсыныстарының жартысына тең болды, бұл жыл басындағы рекрутингтік процестердің төмендеуімен түсіндіріледі.

Өңірлер бөлінісінде қаңтарда түйіндемелер санының өсуі барлық өңірлерде байқалды, ең аз өсім Астана қаласында тіркелді (+3,2 мың түйіндеме немесе желтоқсанмен салыстырғанда 56 %-ға көп). Еңбек нарығындағы ұсыныстың өсуінің ең жоғары көрсеткіштерін оңтүстік өңірлер: Қызылорда облысы (+17,2 мың түйіндеме немесе 531 %), Шымкент қаласы (+9,7 мың түйіндеме немесе 401%) және Түркістан облысы (+27 мың түйіндеме немесе 358 %) көрсетті.

«Өз кезегінде қаңтарда орналастырылған бос орындар саны алдыңғы аймен салыстырғанда едәуір төмендегені оңтүстік өңірлерде де байқалады: Қызылорда (-4,5 мың немесе -61%) және Түркістан (-7,4 мың бос орын немесе - 48%) облыстарында және Алматы қаласында (-8 мың немесе -47 %)», – деп хабарлады «ЕРДО» АҚ Стратегия және үлкен деректерді талдау департаментінің басқарма басшысы Камилла Манакова.

Қаңтарда жоғары білікті мамандарға сұраныстың ең жоғары өсуі (45 %-ға немесе 9,9 мың бос орынға) байқалды. Жұмыс берушілер тарапынан орташа білікті мамандарға деген сұраныс өткен жылдың желтоқсандағы деңгейден 4 %-ға (2 мың бос орын) төмендеді. Бір мезгілде қаңтарда біліктілігі жоқ персоналға сұраныстың айтарлықтай төмендеуі байқалады – 58%-ға (30,2 мың бос жұмыс орны).

Қаңтарда орналастырылған түйіндемелерге келетін болсақ, олардың санының айтарлықтай өсуі біліктілігі жоқ жұмыс іздеушілер тарапынан болған белсенділіктің нәтижесінде болды, олардың саны өткен аймен салыстырғанда 549%-ға (немесе 71,8 мың түйіндеме) өсті. Бұл ретте белсенділік жоғары (түйіндеме санының 109%-ға немесе 22,1 мың түйіндемеге өсуі) және орташа біліктілігі (+147% немесе 38,1 мың) жұмыс іздеушілер тарапынан да байқалды.

«Қаңтарда ең көп бос жұмыс орындары «білім және тәрбие» (17,5 мың бос жұмыс орны) және «медицина және фармацевтика» (8,5 мың) кәсіптік салаларында орналастырылды. Өз кезегінде ЭЕБ-да жұмыс ізеушілер арасында «білім және тәрбие» (17,3 мың түйіндеме) және «ТКШ және абаттандыру» (8,2 мың түйіндеме) кәсіптік салаларының қызметкерлері тарапынан белсенділік байқалды», – деп бөлісті Камилла Манакова.

Жалақының ең жоғары мөлшерін көбіне өз түйіндемелерінде «үлкен деректермен жұмыс жөніндегі маман» (орта есеппен 1,3 млн теңгеден бастап), «бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі басшы» (1,2 млн теңгеден бастап), сондай-ақ «өндірістік операциялар жөніндегі инженер» (1,2 млн теңгеден бастап) мамандықтары бойынша жұмыс іздеушілер сұраған.

Ең көп жалақыны жұмыс берушілер өндірістегі база бастықтарына (900 мың теңгеден бастап), жобалаушы инженерлерге (800 мың теңгеден бастап) және бас құрылысшыларға (790 мың теңгеден бастап) ұсынды.

Жалпы, қаңтарда ЭЕБ-да біліктілігі жоқ жұмыс күшіне сұраныстың төмендеуі және «білім және тәрбие» және «медицина және фармацевтика» кәсіптік салаларындағы мамандарға жоғары сұраныс байқалды.