Елбасы Жолдаулары – мемлекетіміздің алдағы дамуы мен халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған даму жоспарлары. 100 нақты қадам – қоғам мен мемлекетті түбегейлі қайта өзгертуге негізделген құжат.
Елбасы ұсынған кәсіби мемлекеттік аппарат құру, заңның үстемдігін қамтамасыз ету, индустрияландыру және экономикалық өсім бағыты, біртектілік және бірлік, есеп беретін мемлекетті қалыптастыру сынды 5 институттық реформаны жүйелі жүзеге асыру тұрғысында жарияланған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспары Қазақстанның мемлекеттігін нығайтуға, әрі күрделі кезеңнен сенімді өтуіне жол ашады.
Кәсіби мемлекеттік аппарат құру реформасын жүзеге асыру мақсатында 15 нақты қадам белгіленді. Ондағы негізгі мәселелерге тоқталатын болсақ, сала мамандарын іріктеудің тәртібін күшейту, мемлекеттік қызметке қабылдаудың төменгі лауазымдардан басталуы, барлық мемлекеттік органдарға, оның ішінде құқық қорғау органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты «Мемлекеттік қызмет» туралы жаңа заң қабылдау және осы заң қабылданғаннан кейін жалақыларды қызметтік нәтижеге байланысты өсіру, барлық мемлекеттік қызметкерлерді кешенді аттестаттаудан өткізу мәселелері нақтыланған.
Осы тұста, шетелдердің озық тәжірибесі негізге алынғаны белгілі. Бұл – ел ішіндегі мемлекеттік қызметке деген азаматтардың сенімін беріктеуге бағытталған шара.
Мемлекеттік қызметтің жаңа Этикалық кодексін жасау қарастырылған. Сонымен қатар, этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу, жегі құртқа айналған жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, жаңа заңнамалар әзірлей отырып, мемлекеттік қызмет істері және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымында жемқорлық құқық бұзушылықтың жүйелі түрде алдын алу мен сауықтыру үшін жемқорлыққа қарсы арнайы бөлім құру мәселелері де атап көрсетіліп отыр.