Жауынгерлерді шығарып салуға ата-аналарымен бірге қала әкімі Бауыржан Байбек те келді
Қару асынып, қар төсеніп, мұз жастанған сарбаздардың төл мерекесі Алматыда да аталып өтті. Елдің тыныштығын күзеткен ерлерді қала әкімі Бауыржан Байбек құттықтады. 28 панфиловшылар паркіне жиналған жұрт болашақ сарбаздарды отан алдындағы әскери борышын өтеуге шығарып салды деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
28 панфиловшылар саябағы әскери форма киген сарбаздарға толды. 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнінің Алматы қаласындағы басты шарасы осы паркте аталып өтті.
Бүгінгі мейрамға «Жас сарбаз» әскери-патриоттық жастар қозғалысы, «Құрлық әскері» әскери институтының курсанттары және мамандандырылған «Арыстан» лицейінің жауынгерлері қатысуда. Шарада сөз алған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек елдің егемендігі оңай келмегенін, шекарамызды бекітудегі қарулы күштердің үлесі зор екенін тілге тиек етті.
«Тәуелсіздік жылдарында елімізде шайқасуға қабілетті, мобилді және мықты қаруланған Армия қалыптасты. Мемлекет басшысы, Қарулы күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен «Айбалта-2019» оқу-жаттығуы кезінде жоғары баға берді. Армияға мемлекеттік қолдау көрсету әскери қызметтің мәртебесін арттырды. Әскери қызметшілерді әлеуметтік қамтуға тұрақты назар аударылуда. Тұрғын үймен қамтудың жаңа моделін енгузіден бастап Алматыда 10 мыңға жуық әскери қызметші Тұрғынүйжинаққұрылыс банкінде депозиттер ашты, ал 360 мыңнан астам отбасы жеке пәтерлерге ие болды», - деді Бауыржан Байбек.
Айтулы мейрам күні отан алдындағы борышын өтеуге 30 жігіт ата-анасының ақ батасын алып аттанды. Оларға қала әкімі де сәт-сапар тілеп, азаматтық парыздарын ойдағыдай өтеулерін тіледі. Болашақ сарбаздар болса «міндетті абыроймен атқарамыз» дейді.
Жалпы Алматы қаласы бойынша жылына 2 мыңнан астам азамат әскерге жіберіледі. Ал, биылғы көктемгі шақырылымда мыңнан аса алматылық азаматтық борышын атқаруға жіберіліпті.
Мерекелік шарада жауынгерлер өз шеберліктерін ортаға салып, қоян-қолтық айқастағы үздік әдістерінен үзінді көрсетті. Бүгінгі мейрам біздің ел үшін жай ғана даталы мереке емес. Бұл – мемлекетке төнген қауіпті бірінші болып қабылдайтын, халықтың тыныштығы үшін түн ұйқысын төрт бөлетін сарбаздарға алғыс айту күні. Тәуелсіздік алғалы бері үзбей тойланып келе жатқан Отан қорғаушылар күні соңғы жылдары мемлекеттік мәртебеге ие болып, ресми түрде аталып өтуде.
Өмір Әнуарбек Влад Шишко «Алматы» телеарнасы