Облыс әкімі бір ай Арыста жатып, жауапсыздық танытқан аудан әкімдерін жұмыстан босататынын айтты
«Халықтың мұң-мұқтажын жедел шешуіміз керек». Осы мақсатта Арыс қаласында жиналыс өткізген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жауапты шенеуніктерді таппай қалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Облыс әкімінің кеңесшісі Сәкен Қалқамановтың айтуынша, аппараттық жиналысқа жауапты адамдар келмеген. Оның сөзіне сенер болсақ, облыс әкімінің орынбасарлары қаржы мәселесін шешу үшін мақсатында сапарлатып кетіпті. Ал, аудан басшылары болса орындарына құрылыс жөніндегі бөлім басшыларын тастап, өздері тайып тұрған.
«Қазір Премьер-министрге есеп береміз, ал әкімнің орынбасары болса төтенше жағдай кезінде қыдырып жүр. Не деген жауапсыздық? Арыстан кім бар өзі?» – деді ашуға мінген облыс әкімі Өмірзақ ШӨКЕЕВ.
Бүгінде Арысты қалпына келтіру жұмыстары қызу жүріп жаты. Снаряд түскен ауыз су құбыры жөнделіп, халыққа мұздай су беріле бастады. Қаладағы 10 600 абоненттің тек 1500-дейі ғана сусыз отыр. Ал, облыс әкімі бір ай Арыста жатып, жауапсыздық танытқан аудан әкімдерін жұмыстан босататынын айтты.
«Бұдан былай облыс пен қала әкімдері салғырттық танытса, Үкімет басшысына бірден мәлімдеймін. Халықтың мұқтаждығын жедел шешуіміз керек», – деп ескерткен әкім 17 сектордың жұмысын жандандыру жөнінде тиісті орындарға шұғыл тапсырма берді.
Қазіргі таңда Арыс қаласындағы үйлерді тексеру, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құнын есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.