Алматыда БАҚ өкілдері арасында бильярдтан турнир өтіп жатыр

19.03.2022 17:53

Жарысқа 50-ге жуық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты

31 канал

«31 арна» Наурыз мерекесіне орай еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары мен зиялы қауым өкілдерінің арасында бильярдтан «Жаңа елдің көктемі» атты республикалық турнир өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Жарысқа белгілі қаламгерлер Ұлықбек Есдәулет, Бақыт Беделхан, Бауыржан Жақып пен Әлібек Шегебай және қазақ журналистикасының ардагерлері Тілеуқабыл Мыңжасар; Қайнар Олжай, Арман Сқабылұлы, Серік Жанболат бастаған 50-ге жуық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«31 арна» директоры Құрманбек Жұмағалидің айтуынша, бұл турнир қазақ руханиятына еңбегі сіңген, ақпарат айдынында өзіндік қолтаңбасымен дараланған ардақты ағаларымыз бен журналистика саласындағы орта және қазіргі жас буын арасында өзара шығармашылық үндестікті бекемдеу.

«Бильярдтан «31 арна» кубогі журналистер арасында жыл сайын өтетін дәстүрлі шараға айналады. Биыл алғашқы турнирімізді «Жаңа елдің көктемі» атауымен ұйымдастырып отырмыз. Бұл атау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауымен сабақтасып тұр. Қазір халқымыз ұлт боп ұйысып, мемлекеттігімізді нығайтудың жаңа белесіне қадам басты. Осылайша, ел тарихының жаңа парағы ашылды. «31 арна» ұжымы жаңару мен жасампаздықтың бастауын  «Жаңа елдің көктемі» арқылы жеткізіп,  мемлекетіміздің түбегейлі түрленуін қолдайды», - дейді Құрманбек Жұмағали.

Турнирдің жүлдегерлері «31 арнаның» кубогі және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сондай-ақ арнаулы аталым бойынша үздік ойыншыларға медаль табысталып, арнайы сый-сияпаттарға ие болады.    


Теги: журналист