Алматы полициясы студенттерді жұмысқа шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Л.Б.Гончаров атындағы Қазақ көлік-жол академиясында полиция қызметкерлерімен жеке құрамның тұсаукесері өтті.
"Құқық қорғау қызметі – қауіпсіздікті, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмысқа қарсы күрес, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік қызметтің ерекше түрі. Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ІІМ-нің негізгі бөлімшелерінің бірі. Бүгінгі жиынның басты міндеті – сіздерді ішкі істер органдарына қызметке шақыру", – деді Алматы қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Олжас Мырзабеков.
Қызметке жарамдылығын анықтау үшін ІІО-ға кандидаттар әскери-дәрігерлік комиссияда медициналық тексеруден, оның ішінде полиграфологиялық тексеруден өтуі қажет. Үміткерлер ҚР ІІМ-нің ведомстволық жоғары оқу орындарының арнайы оқу курстарына түсер алдында дене дайындығы бойынша нормативтерді тапсырады және конкурстық комиссияда әңгімелесуден өтеді.
Оқу курстары аяқталғаннан кейін кандидаттар лауазымдарға бекітіліп, оларға орта басшы құрамның "полиция лейтенанты" арнаулы атағы беріледі. Бір жыл бойы жас маман тұрақты тәлімгермен қызмет етеді, осы кезеңде ішкі істер органдары жүйесінде бейімделу және қалыптасу процесі жүреді.
"ІІМ басшылығының бастамасының арқасында қызметкерлердің жалақысы 2021 жылы 65 пайызға дейін өсті, ал болашақта 2022-2023 жылдары лауазымдар санатына байланысты 15 пайыздан 59 пайызға дейін көтеріледі. Сондай-ақ, полиция қызметкерлерін әлеуметтік қамсыздандыруға үш жақты шарт жасасу арқылы тұрғын үйге ақы төлеу кіреді, оның төлемі қызметкердің арнайы шотына аударылады. Сонымен қатар, полиция қызметкерлері "Шыңырақ", "Алматы жастары" сияқты жеңілдетілген несиеге баспана сатып алу бойынша мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға құқылы", – деді Мырзабеков.