Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылдың 27 қазанындағы бұйрығымен Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Енді жәрдемақы алушы, сондай-ақ күтім жасайтын адам қайтыс болған жағдайда, жәрдемақы төлеу кезінде қайтыс болған ай қоса есептеледі.
Жәрдемақы алушы, сондай-ақ күтім жасайтын адам елден кеткен жағдайда да кеткен айға жәрдемақы төленеді.
Егер күтім жасайтын адам ауысса, жәрдемақы ауысқан күнге дейін төленеді.
Жәрдемақы алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы арқылы жәрдемақы тағайындау жөніндегі уәкілетті органға өтініш жазып, мемлекеттік қызмет көрсетуге қажетті құжаттарды қоса беру қажет.
Мүгедектікті бастапқы анықтау кезінде мүгедектік бойынша жәрдемақы тағайындау туралы өтініш беру қажет, оны күтім жасауға құқығы бар адамдар тұрғылықты жері бойынша медициналық әлеуметтік сараптама бөлімшесінде жасай алады.
Құжат тапсыру кезінде өтініш берушіге тиісті құжаттардың мемлекеттік корпорацияда қабылданғанын растайтын түбіртек, тіркеу күні мен мемлекеттік қызметті алу күні, құжаттарды қабылдаған тұлғаның аты-жөні көрсетілген өтініштің үзік талоны беріледі.
Бұл ретте проактивті қызмет арқылы жәрдемақы тағайындау кезінде "Халық қаһарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарымен марапатталған адамдарға, сондай-ақ күтім жасайтын адамдарға жәрдемақы тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейді.
Бұл адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін порталда ұялы телефон нөмірін тіркеу жеткілікті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің "Е-макет" ақпарат жүйесі арқылы телефон нөміріне жәрдемақы тағайындау және тілді таңдау мүмкіндігі туралы хабарлама жіберіледі.
Проактивті қызмет көрсетуге келісім алғаннан кейін телефон нөміріне банк шотының нөмірін растайтын немесе ұсынатын хабарлама жолданады.
Проактивті қызмет арқылы жәрдемақыны тағайындауға өтініш берген күн жәрдемақыны тағайындауға келісім берген күн болып саналады.
Жәрдемақы алушыдан оған sms-хабарлама жіберілген күннен бастап үш күнтізбелік күн ішінде жауап болмаса, проактивті қызмет көрсету процесі аяқталады.
Әрекет етуге қабілетсіз, әрекет ету қабілеті шектеулі жандарға немесе қорғаншылыққа және қамқоршылыққа мұқтаж адамдарға жәрдемақы тағайындау үшін олардың заңды өкілдері өтініш пен қажетті құжаттарды тапсырады.
Үшінші тұлғалар арқылы жәрдемақы тағайындауға өтініш сенімхат арқылы беріледі.
Бұйрық 2021 жылдың 2 қарашасынан бастап күшіне енді.