Алматы әкімімен кездескен Әуезов ауданының тұрғындары проблемаларын ашып айтты

19.08.2019 18:38

Кездесуде бас-аяғы 150-ге жуық сұрақ қойылды

Almaty.tv

Қымбатшылық қамыты қалтамызды қағып бітті. Ауламыз да арық деген атымен жоқ. Не жарық шамдары жетіспейді. Пәтер иелері кооперативті 10 жылдан бері тұрғындардан ақша жинап келгенімен, үйіміздің сыртына бір бояу жаққан емес. Алматы әкімімен кездескен Әуезов ауданының тұрғындары барлық проблемасын ашып айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үш сағатқа созылған жиында түртілмеген мәселе қалмады. Тұрғындар, шешімін жылдар бойы таппай келе жатқан сауалдарды әкімге саңырауқұлақша қаптатты. Басым бөлігі-тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, аулаларды абаттандыру мен жарықтандыруға қатысты болды. Оған қоса қоғамның қауіпсізігі де көп сөз етілді. Оның ішінде учаскелік полиция қызметкерінің жұмысқа деген бейқамдығы мен қаңғыбас иттердің де өріп жүретіні айтылды.  

«Біз Ақсай-4 шағынауданында тұрамыз. Сонда 4а, 4б ,4в деген үй бар. Сол үйдің алдын қазып кетеді, сол күйі ол жер шұңқыр-шұңқыр болып қалады. Аулада балалар ойнайтын алаң да жоқ», – деді бір тұрғын.

«Біздің іргемізде 18 емхана бар. Бірақ өзіңіз айтқандай, мүмкіншілігі нашар. Көп құрылғылар жоқ. Басқа жаққа жібереді барсақ», – деді келесі бірі мұңын шағып.

Бір ауданда тұрсақ та, сан түрлі тарифпен коммуналдық төлем төлейміз деген тұрғындар да аз болмады. Ал, ыстық су мен жылуға жұмсайтын қаражатымыз өзге өңірді екі орайды деп ашынды. Баға реттеуге жауаптылардың жөнді жұмыс істемейтіндігін ауданның қариясы кесіп айтты.

«Мен Астанадағы есептегіш құралы орнатылған үй мен Алматыдағы екеуін салыстырып айтайын. Қаңтар айында Астанада 1 текше метр 155 теңге болса, бізде 491 теңге болды. Алматы деген – май тоңғысыз жер. Астананы өзіңіз көріп келдіңіз. Ақпанда арзандады 14-ке түсірді. Бізде 410-ға түсірді. Қазір енді шілде ғой. Астанада 111 теңге, бізде 298 теңгеден жылжымайды. Жалпы, жылу астанада - 2500 теңге. Бізде - 5900 теңге. Екі жарым еседен алады. Қалтамызға салмақ түсуде», – деді тағы бір тұрғын.

Кездесуде бас-аяғы 150-ге жуық сұрақ қойылды. Оның басым бөлігі, тұрмыстық мәселелер. Айтарлықтай, күрмеуі қиын проблема жоқ деді шаһар басшысы. Сондықтан, шешімі барынша тез табылатынын айтты.  

«Сіздердің қойған сауалдарыңыз Наурызбай мен Алатау ауданы тұрындарының қойған сұрақтарына қарағанда  өте жеңіл болды. Бұл екі аудан да қалаға қосылған елді-мекендер. Сондықтан да, ондағы мәселелер өте күрделі. Ал сіздердің сауалдарыңыздың жарасы жеңіл. Іске шындап кіріссек, жылдам шешімін табады», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.

Қала әкімі көтерілген мәселенің барлығы да бүге-шігесіне дейін талқыланып, өзі шешемін табатындығын алға тартты. Көштің жүре түзетеліндігін тілге тиек етіп, жұмысты артқаруға мамандардың білек сыбана кіріскенін де жеткізді.

Әйгерім Ердәулетқызы, Рәшит Шүкірәлиев «Алматы» телеарнасы