Бақытжан Сағынтаев қаладағы емханалардың жайына тоқталды

29.10.2019 18:06

Алдағы 3 жылда Алматыда жаңадан 35 дәрігерлік амбулатория ашу жоспарланып отыр

Бүгінде Алматыдағы емханаларда 10 мыңға жуық медициналық жабдықтар ескірген. Осыған байланысты қала басшысы әр емханаға арналған жабдықтарды жаңартуды көздейтін 3 жылдық жоспардың әзірленгенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мамандардың есебінше, қажетті шығындардың жалпы сомасы шамамен 60 миллиард теңгені құрайды. Сонымен қатар, «қол жетімділік» қағидаты негізінде дәрігерлік амбулаторияларға 3 жылдық жоспар жасалды. Оған сәйкес жаңадан 35 дәрігерлік амбулатория ашу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта бір ауысымда 100 келушіге дейін қабылдай алатын 7 медициналық мекеме жұмыс істеп тұрса, жыл соңына дейін тағы 3-еуі ашылады.

Сонымен қатар Алатау ауданында жедел жәрдем қызметінің жаңа қосалқы стансасы іске қосылды. Нәтижесінде көліктер мен медициналық бригадалардың жету уақыты қазіргі 25 минуттан 11-13 минутқа қысқармақ.