Қазір оның бар уайымы мектеп жасындағы балаларын оқу жылына дайындау
Алакөңіл ана алматылықтардан көмек сұрайды. Балаларын ешкімнен кем қылмай өсіргісі келетін көпбалалы ана жұмыс істеп жүрсе де, айлығын шайлығына жеткізе алмай жүр. Алқам-салқамы шыққан пәтерге төлегені бір бөлек, мектеп жасындағы балаларына керек-жарағын алып береуге шамасы келмей отыр. 5 баласы үшін «күміс алқа» да тақпаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 баланың анасы Ақбаян қолы қалт ете қалса уақытын балаларымен өткізгісі келеді. Алайда, бос уақыты бола бермейді. Оларды жеткізу үшін денсаулығының сыр бергеніне қарамастан көпбалалы ана тынбай жұмыс істеуге мәжбүр. Жалақысы күн көріске зорға жететін көрінеді.
Ақбаян әупірімдеп жүріп, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізіпті. «Күміс алқа» иегері атануы тиіс ол, бұл санатқа әлі кіре алмай отырмын деп налиды. Өйткені құзырлы орындардың табалдырығын тоздырумен уақытын жоғалтқан. Тағы бір себеп үлкен қызының құжаттары мүлдем жоқ екен. Қазіргі бар уайымы мектеп жасындағы балаларын оқу жылына дайындау. Алайда, оған ешқандай мүмкіндік жоқ.
«Үлкен қызым тұрмыста болып, белгілі себептермен ажырасқанда күйеуі құжаттарын жыртып тастаған. Жүкті кезінде маған келді. Ол кезде бір бөлмелі жатақханада тұратын едім. Сыртқа тебе алмадым. Қазір енді 6 жыл уақыт өтсе де құжаттарын жасай алмай отырмын. Мектепке орналастырайын десем, мекенжайы туралы анықтама сұрайды. Ал оны жеке куәліксіз тіркеу мүмкін емес», - деді көпбалалы ана Ақбаян Сыздықова,
Үлкен қызының баласы да Ақбаянның тәрбиесінде. Биыл бірінші сыныпқа баратын уақыты келсе де тағы бір жылға кешігуі мүмкін дейді. Өйткені оның да құжаттары жоқ. Ал оларды дайындау үшін, тағы да әжесіне жүгіруге тура келеді. Денсаулығы сыр беріп жүрген Ақбаян балаларына ештеңе білдіргісі келмесе де оны құлыншақтары іштей түсінетін секілді.
Осындай өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасылар мен адамдарды қолдау мақсатында бүгін «Алматы» арнасы, Әуезов ауданы әкімдігінің қолдауымен Family саябағында қайырымдылық акциясын өткізбек. Мерекелік шарада эстрада әншілері өнер көрсетіп, аз қамтылған отбасыларға материалдық көмек үлестіріледі. Шараның өту уақыты 17:00-де.
Азамат Әуезхан, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы