Бүгінде ел астанасында 70 соғыс ардагері және 3000-ға жуық тыл еңбеккері тұрады
Отан қорғаушылар монументіне келген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев боздақтарды үнсіздікпен еске алып, рухына тағзым етті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Нұр-Сұлтанда мереке барынша сән-салтанатымен өтуде. Айтулы датаны атап өту бірнеше күн бұрын басталып кеткен. Күні кеше шаһардағы соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлері Ұлы отан соғысына қатысып, жанын пида еткен 7 мыңнан астам ақмолалық жауынгердің рухына тағзым етті. Жылдағы дәстүр бойынша олар зұлмат жылдары қан майданда қаза болған жандардың зиратына барды. Сұм әрі сұрапыл соғыстың құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Бұдан соң қарияларға жауынгерлік ботқа берілді. Бір дастархан басында қауышқан олар суық соғыста көргенімен бөлісті.
Ал бүгін таңертең Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Отан қорғаушылар монументіне даңқ гүлін қою рәсіміне қатысты. Рәсімнен кейін Мемлекет басшысы шараға келген әр соғыс және тыл ардагеріне жақындап, жеке-жеке әңгімелесті. Атап өту керек, бүгінде ел астанасында 70 соғыс ардагері және 3000-ға жуық тыл еңбеккері тұрады.
«Соғыстың тоқтағанына 74 жыл болды. Бүгін сол жеңісті мерекелеп жатырмыз. Еліміз тыныш болсын! Халқымыз аман болсын! Соғыс болмасын», - дейді ҰОС ардагері Әзімбай МАЙРИКОВ.
«9 мамыр – бұл ерекше күн. Бір-бірімізді құшақтап, қуанып, кейде жылап та аламыз. Соғысты еске аламыз, майдан даласында жүріп, ауылға аман-есен жетсек екен деген арман болды. Соғыс аяқталғанда қуаныштан жарылып кете жаздадық. Ал, қазір бейбіт заман, жастарымыз баршылықта, молшылықта, бастысы тыныштықта өмір сүріп жатыр. Осы бейбітшілік мәңгілік болсын», - дейді тағы бір ҰОС ардагері Жахан СЕЙСЕБАЕВ.
Президент қазақстандықтар мен Ұлы Отан соғысы ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады. Ал, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа әскерилер мен мемлекеттік құрылымдарға тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін алғысын білдірді. Өз сөзінде Мемлекет басшысы қазақтың батырлары ұлы жеңіске өлшеусіз үлес қосқанын ерекше айтты. Көбі майдан даласында ерлікпен шайқасып, тең жартысы оралмады.
«Батыр бабаларымыз аманат етіп қалдырған кең-байтақ жерімізді қорғау бәрімізге ортақ парыз. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік алғашқы жылдарында Қорғаныс Министрлігін басқаратын генерал табу қиынға соқты деп айтқаны бар. Сол кезеңде Елбасы сыртта жүрген әскери қызметкерлерді елге шақырып, қарулы күштердің қуатын арттырды. Бүгінде бес қаруы сай, заманауи техникамен жабдықталған Қазақстанның айбынды әскері мен күштік құрылымдары елдің берік қорғанына айналды», - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.
Елді басқарған жылдары Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің экономикасын күшейтуге бар күш жігерін салды. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолжетімді баспанамен, әлеуметтік жәрдемақымен қамтамасыз етіп, мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған азаматтарға үйде отырып жұмыс істеу мүмкіндігін берді. Бұл – Елбасының маңызды бастамалары.
Төрт баладан көп жанұялардағы әр балаға кәмелет жасқа дейін 21 мың теңгеден жәрдемақы тағайындау, бас қайғысы баспана болып жүрген қазақстандықтарға арнап тұрғын үй көтеру, бұдан бөлек, 2-3 пайыз, яғни жеңілдетілген пайызбен ипотека беру де Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясы болған еді. Бұл өте өзекті. Себебі қазір елімізде 340 мың көпбалалы отбасы үйге зәру.
«Біз көмекке шынымен де мұқтаж жандарға көмектесуіміз қажет. Биыл әлеуметтік салаға бөлінетін республикалық бюджеттің 45 пайызынан астамы қарастырылған. Сонымен қатар, әлеуметтік блокта шешуге тиісті мәселелер пайда болды. Осыған орай мен Ұлттық қордан азаматтардың өмір сапасын жақсарту мен әл-ауқатын арттыруға қаржы бөлу керек деп шештім. Үкімет қаржыны дұрыс жұмсалуын қадағалау керек. Әр бөлінген теңге әр мұқтаж жанға жетуі тиіс», - дейді ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Ел астанасында Жеңіс күнін мерекелеу жалғасып жатыр. Елордалықтар түрлі концерттік бағдарламалар тамашалауда. Бүгінгі мейрам Есілдің жағалауындағы болатын мерекелік отшашумен аяқталады.
Салтанат Нысанбай, «Алматы» телеарнасы