Қытайда оқу ақысын алдын-ала төлеген қазақстандықтар жауапсыз компанияның кеңсесіне басып кірді
Алматыда студенттерді шетелге оқуға жіберетін фирманың клиенттері ақшасын қайтаруды талап етті.
Қытай университеттерінде тегін білім гранттарын ұсынған компания өкілдері 500 доллар жалақысы бар жұмыс та уәде етіпті. Сол қызметі үшін ата-аналардан 500 мың теңгедей қаржы алған, деп хабарлады Sputnik.
Алайда ақысын алдын ала төлеп қойғандар Қытайға барғанда, фирма берген шақырту қағазының жарамсыз екенін білген. Осылайша жүзге жуық адамды сан соқтырғандар байланысқа шықпақ түгілі, бұрынғы орнынан көшіп кетіпті. Олардың жаңа мекенжайын төрт айда әрең тапқан ата-аналар кеңселеріне басып кіріп, директорды жағадан алды.
Қытайдағылар бұл компания туралы мүлде білмейтін болып шықты.
«Балам барғаннан кейін ешқайда оқуға түсе алмады. Бүкіл шартты орындаса, бұл кісінің артынан осылай жүреміз бе? Одан артық ақша сұраған жоқпын, өзімнің 490 мың теңгемді қайтарсын!», — дейді зардап шегуші Гүлден Нұрғалиева.
Одан басқа тағы 65 адам компанияға алдандық деп отыр. Арасында, тіпті 2 миллион теңге аударғандары да бар. Өйткені, бір емес, 2-3 баласын аттандырған. Қытайға барып, қаңғып қалған ұл-қыздарға, абырой болғанда, еліміздің сондағы консулы көмектесіпті.
«Қазіргі таңда барлық студент тиісті жоғары оқу орындарына түсті. Жатақханаға да орналастырылды», — деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Сорақысы сол, фирма жұрттан жатын орын үшін де ақша алған. Әрбір баладан мың жарым доллар. Алданғандардың бір-екеуі ол пәтерлерге кірген. Бірақ бөлмелердің іші лас, адам баласы тұрмаған, тіпті кеміргіштер жорғалап жүр екен.
«Ата-аналардың құлағына алтын сырға, баласы қайда келетінін, соңында не болатынын білсін! Өйткені 2017 жылы бітірген түлектердің ата-аналары осыны бізге айтып, ескерткен болса, бұлай жүрмеуші едік!», — деп сақтандырды Гүлден Нұрғалиева.
Фирманың жұртты бұлай дүрліктіруі бірінші рет емес екен. Бұған дейін «Алаяқтық» бабы бойынша іс қозғалған. Бірақ, соған қарамастан компания жұмысын жалғастырған.