Сапарбаев зейнетақы жинағы кімдерге берілетінін айтты

04.09.2019 00:20

Президент өзінің жолдауында қаржы білім алуға немесе баспаналы болуға берілетін айтқан болатын

Зейнатақысын бұрын алғысы келген азаматтардың алдымен жасы, сосын қордағы қаржысы есептеледі. Премьер - министрдің  орынбасары Бердібек Сапарбаев зейнетақы қорындағы жиналған салымын уақытынан бұрын кімдер алатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкімет отырысынан шыққан вице-премьер қордағы ақшаны берер кезде, азаматтың жасы мен оның есеп шотында жиналған  қаржының мөлшерін тексереміз деді. Өйткені қордағы ақшаны ерте алғысы келгендердің кейінгі өмірін де  ескеру қажет. Яғни,  адамдардың жиған-терген қордағы ақшасын алам деген  азаматтардың бәріне  бірдей  берілмейді. Сондай-ақ ол кешегі Президенттің тапсырмасы мемлекеттік органдар естіп, оны іске асыру үшін жұмыс басталып кеткенін тілге тиек етті.

«Әрине, ең бірінші кезекте бюджеттік мекемеде істейтін адамдарға, олардың жағдайына қарай қанша ақша керек, қанша жылға керек, қанша қоры бар екенін  есептеп барып, береміз», – деді  ҚР Премьер Министрінің орынбасары Бердібек САПАРБАЕВ.

Естеріңізге салсақ, күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдау жасады. Онда Мемлекет басшысы ел азаматтарының зейнетақы салымын мерзімінен бұрын беруді қарастыруды үкіметке ұсынған еді. Президент қаржы қазақстандықтарға білім алуға немесе баспаналы болуға көмек болатын еді деді.