Шымкенттіктер Қала күнін атап өтті

20.06.2019 19:55

tengrinews.kz

Мегаполис статусын алғанына 1 жыл толған Шымкент тұрғындары қала күнін дүркіретіп атап өтті. Наурыз алаңында бас қосқан жұртты қала әкімі құттықтады, деп хабарлайды Отырар.кз.

«Үшінші мегаполис «ақылды», «жасыл» әрі қауіпсіз қала атанады. Шымкент жаңа идеялар халқымыздың дәстүрімен қатар дамып, өткенін ұмытпайтын, сонымен қоса жаңа технологияларға ұмтылатын тұрғындар қаласына айналды. Баршаңызды Қала күнімен құттықтай отырып, отбасыларыңызға бақыт пен береке, ынтымақ пен бірлік тілеймін! Шырайлы Шымкентіміз көркейіп, көріктене берсін!», - деді қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов.

Тарихы мол шаһар тұрғындарын даңқты «Ялла» тобы да құттықтады. Одан бөлек, шымкенттіктерге Қайрат Нұртас, Төреғали Төреәлі сынды әншілер мен «Бақай», «Азия» тобы өз өнерлерін көрсетті. Кеш тізгінін белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов ұстады. Бұл шарада ел алдына жұлдыздар ғана емес, қарапайым қала тұрғындары да шығуға мүмкіндік алды.