Алматы полициясы одорологияның көмегімен 14 қылмыс ашқан

17.11.2020 18:21

Алматы қаласының Полиция департаментінде 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді

7152.kz

Алматы қаласының Полиция департаментінде 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді, жыл басынан бері Алматы полицейлері одорологиялық сынаманың көмегімен 14 қылмыс ашқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Одорология – криминалистиканың қылмыс орнынан иіс ізін анықтау мен тәркілеуді қарастыратын бөлімі. Алматы қаласының ПД Жедел-криминалистикалық басқармасында 1998 жылдан бастап одорологиялық зертхана жұмыс істейді, онда иістер сақталады және одан әрі зерттеледі.

«Одорология – бұл иістер туралы ғылым. Қылмыс орындарынан біз иістерді алып, одорологиялық зертханаға жеткіземіз. Одоролог мамандар оқиға орнына Алматы қаласының ПД жедел-тергеу тобының құрамында шығады. Алматы қаласының ПД ЖКБ зертханасы – Қазақстандағы ең тиімді зертханалардың бірі болып табылады. Зертхана ашылғалы бері көптеген ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуына ықпал етті. Мысалы, 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында мамандар 15 сынама өткізді, оның 14-і оң нәтиже берді», – деді Алматы қаласының ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының аға криминалисі Натаван Алиева.

Маманның айтуынша, иіс іздері шыны ыдысқа салынған стерильді фланельде сақталады.

«Зерттеулер инспектор – кинолог және арнайы үйретілген ит – биодетектор қатысатын Алматы қаласының ПД Кинологиялық орталығының базасында жүзеге асырылады. Иттің иіс сезу қабілеті адамға қарағанда 700 есе артық. Зерттеулердің бұл түрі өзектілігін жоймайды, себебі адам кез-келген нысанмен түйіскен кезде оның жеке исі сол жерде міндетті түрде қалады», – деп түйіндеді Натаван Алиева.