Мұндай технология елімізде алғаш рет қолданылып отыр: «Музыка ойнайтын жол» пайда болды

28.10.2020 19:37

Көлік шу жолағынан 90 км/сағ жылдамдығымен жүрген жағдайда, әуен дыбысты өзгертеді

МИИР РК

«Нұр-Сұлтан-Шортанды» автомобиль жолында музыкалық шу тудыратын жолақтар орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мұндай технология Қазақстанда алғаш рет қолданылып отыр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жасаған пилоттық жоба жол жүру қауіпсіздігі саласына жаңа технологияларды енгізу аясында іске қосылған. Оны жүзеге асыру барысында Германия, Корея, АҚШ пен Жапония елдерінің тәжірибесі ескерілді. «Музыкалық жолдар» жүргізушілерге төтенше қауіпті участкелерде жылдамдықты азайтуға көмектеседі. Әуен автокөліктің дөңгелектері мен суық пластиктен жасалған шу белгісі жанасқанда шығады. Көлік шу жолағынан 90 км/сағ жылдамдығымен жүрген жағдайда, әуен дыбысты өзгертеді. Осылайша жүргізушінің назарын аударып, жүру жылдамдығын азайтуға әсер етеді.

Эксперименттің нәтижесі бойынша «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ келер жылы өзге де республикалық жолдарға музыкалық жолақтар орнатпақ. Шу жолақтары – бедерлі сызықтар түріндегі арнайы жол белгісі. Мұндай жолақтар жылдамдықты асыру, шаршау мен рөлде ұйықтап қалу себебінен болатын жол-көлік оқиғасын болдырмау мақсатында салынады. Олардың үстімен өткенде діріл пайда болып, жүргізушілердің жинақталуына көмектеседі.