Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы және қазіргі директорлары сыбайлас жемқорлық күдігіне ілінді, деп хабарлайды Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі.
«Бұл аптада Ұлттық бюро ҚР Білім және ғылым министрлігі «Ұлттық тестілеу орталығы» РМК басшылығының сыбайлас жемқорлық схемасының жолын кесті. Ұлттық тестілеу орталығының бұрынғы бас директорының міндетін атқарушы (орталықты 2016 жылы басқарған) білім жүйесімен байланысты мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында үлестес компаниялардың мүддесін лоббилендіруі үшін бағасы 9 млн астам теңге тұратын «Тойота-Камри» жаңа автокөлігі түрінде пара алды деп айыпталды. Автокөлік түріндегі пара тәркіленді», - делінген Ұлттық бюро хабарламасында.
Пара алу туралы жинақталған айғақтар есепке алынды және түскен өтініш негізінде сотқа дейінгі тергеу жеделдетілген түрде жүргізілуде.
«Осыған ұқсас заңсыз іс-әрекеті үшін яғни 2017-2018 жылдары делдал арқылы жүйелі негізде аса ірі көлемдерде пара алған аталған Ұлттық тестілеу орталығының қазіргі бас директорына (2017 жылдан қазіргі уақытта дейін орталықты басқарған-авт) қатысты сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сот санкциясы бойынша күдіктіге қатысты күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қабылданды Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда», - деп хабарлады Ұлттық бюро.
Айта кетейік, Ұлттық тестілеу орталығы ұлттық бірыңғай тестілеу, кешенді тестілеу, жоғары және орта білім беру ұйымдарындағы оқу жетістіктерін сырттай бағалау, мемлекеттік аттестаттау барысында білім беру ұйымдарында білім алушыларды кешенді тестілеу, педагог қызметкерлерді біліктілікке тестілеу, қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі - ҚАЗТЕСТ өткізеді. ҚР Мемлекеттік қызмет істер және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі соңғы 3 жылда білім саласында 620 сыбайлас жемқорлық фактісін анықтады. Жемқорлықтан келген залал сомасы 1,5 млрд теңгені құрайды. Әшкере болған 364 тұлға арасында 57 мектеп директоры, 10 колледж директоры және 22 балабақша мегерушісі бар.