Қасиетті топырақты табыстау рәсімі Алматыда салтанатты түрде өтті
Ұлы отан соғысында ерлікпен қаза тапқан батырлар ұлықталды. Ресей федерациясы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қайтыс болған сарбаздардың жерленген топырағын бір жерге жинап жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айқаста оқ тиіп ауыр жараланған талай сарбаз, сұрапыл жылдары Алматыға эвакуацияланып, ем қабылдаған болатын. Олардың ішінде қаза болғандары қаламыздың орталық бейітінде жерленіп, кейін ол жерде монумент орнатылды. Ресей тарапы батырларының жерленген жерінен бір уыс топырақ алып, оны өздеріндегі «Патриот» саябағына жеткізбекші. Қасиетті топырақты табыстау рәсімі Алматыда салтанатты түрде өтті.
«Ұлы Отан соғысындағы жеңіс – барлық пост кеңестік елдерінің жеңісі. Сондықтан біз оның маңыздылығын жоғалтпауымыз қажет. Батырларымызды ұлықтауымыз керек», – деді Алматы қаласы Ұлы Отан соғысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Күпесбай ЖАНПЕЙІСОВ.
Қазақстанға Ұлы Отан соғысы кезінде көптеген жарақат алған сарбаздар жеткізілген. Елде 150-ге жуық госпиталь орналасқан болатын. Сондықтан мұнда түрлі ұлт өкілдері жерленіпті. Ресей федерациясы мұндай бастаманы ел үшін айқасып, қаза болған батырларды ұлықтау үшін қолға алғандарын айтады.
«Жобаның басты мақсаты – батырларымыздың топырағын бір жерге жинау. Халыққа сол кезде ұмыт қалған ұлдарын көрсету. Біз осылайша барлық пост кеңестік елдердегі орыс сарбаздарының уыс топырағын бір орынға біріктіреміз», – деді Алматы қаласындағы РФ Бас консулы Евгений БОБРОВ.