Бүгінде елімізде көпбалалы отбасы ретінде 40 мың адам пәтер кезегінде тұр
Еліміздегі көпбалалы отбасылардың баспана мәселесі алдағы үш жылдың ішінде толықтай шешіледі. Бүгін Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек Өскенбаев дәл осылай деді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бұдан бөлек, биыл 8 мың көпбалалы жанұя қоныс тойын тойлайды. Еліміздегі көпбалалы отбасылардың мәселесі екі жолмен шешіліп жатыр. Баспанаға, ең алдымен, «Бақытты отбасы» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген пайызбен несие алып, қол жеткізуге мүмкіндік беріледі. Бүгінге дейін банкке жолданған 5 мың өтінімнің тең жартысы мақұлданған.
«Елбасының тапсырмасы бойынша биыл «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» табысы төмен отбасылар үшін «Бақытты отбасы» жеңілдетілген несие беру бағдарламасын іске қосты. Бұл бағдарлама бойынша біз қазір 5 мың өтінім банктен алдық. 2 500 адам ол өтінімге біздің жақсы жаңалықты алды. Олар қазір үйлерді іздеп, құжаттарға қол қойып, несие алып жатыр. 455 отбасы жаңа үйлеріне кірді», – деді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат ИБРАГИМОВА
«Бақытты отбасы» бағдарламасының игілігін келер жылы да көретіндер көп болмақ. Мамандардың айтуынша, бұл шамамен 10 мың отбасы. Қазірдің өзінде аталған бағдарлама арқылы баспана алу үшін Нұр-Сұлтан қаласынан 800-ден астам, Алматыдан 650, Ақтөбе облысынан 542 өтінім түскен. Бағдарламаға ілікпеген азаматтарға, яғни несие алуға табысы жетпегендерге де жағдай жасалады. Мұндай отбасыларға алдағы жылдардың ішінде жалға берілетін тұрғын үйлер салынбақ.
«Тіпті жағдайы жоқ адамдар, мысалы «Бақытты отбасымен» несие алып, үй сатып алуына болады. Үш жылдың ішінде толығымен жалға берілетін үй саламыз. Жыл сайын 6 мың үй салу жоспарда бар. Биыл 8 мың үй салдық. Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы бойынша біз алдағы үш жылда ішінде кезекте тұрған жандардың барлығының мәселесін шешеміз», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.
Атап өту керек, қазіргі уақытта елімізде көпбалалы отбасы ретінде пәтер кезегінде тұрған 40 мың адам бар. Олар өз кезегін сатып алуға құқығы жоқ жалдамалы пәтерлерде күтетін болады. Бірінші вице-министр көшеге шығып, баспана сұрап жүрген көпбалалы аналарға да жауап берді.
«Елдің бәрі баспананы қазір алғысы келеді. Бірақ сабыр сақтау керек. Өйткені бәрі сәтімен, тәртібімен болуы керек. Жергілікті әкімшіліктерде белгілеген кезек бар. Ешкім ол кезектің алдына ешкім шыға алмайды. Ал адамдар «көмектесіңізші» деп келеді. Мен болайын не министр, не Үкімет басшысы болсын, ешкім кезектен тыс пәтер бере алмайды, ешкім бере алмайды. Өйткені заң бар», – деді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бірінші орынбасары Қайырбек ӨСКЕНБАЕВ.
Мамандар жеңілдетілген пайызбен несие алу бойынша бірқатар кеңестерін берді. Айтуларынша, көп кезекте көпбалалы аналар банкке «алып отырған әлеуметтік жәрдемақым жоғары» деп келеді. Алайда, жәрдемақы табыс көзі саналмайды. Сондықтан басты талап - отбасының бір мүшесінің тұрақты жұмысы болуы шарт.
Салтанат Нысанбек, Азамат Кәкенов, «Алматы телеарнасы»