Автобус-пойыз апаты: Қарасай ауданының әкімі тұрғындармен кездесті

18.09.2019 03:02

Ол жоспар бойынша үлкен айналма жол салынатынын айтты

фото Azattyq

Жиынға Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров, облыстағы бірнеше жауапты басқарма басшылары келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі. 

Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев, Қазақстан темір жолы компаниясының өкілдері және Шамалған ауылының ақсақалдары қауіпті аумақтағы проблеманы шешу жолдарын тура бір сағат талқылады. Жиналған жұрт пен тілшілер аудан әкімі сахнаға шыққанда нақты жоспар болады деп ойлады. Алайда бір де бір қағазсыз шыққан басшы өткелдің мәселесін шешуді уақыттың еншісіне қалдырды. Айтуынша станция маңайындағы үйлер мен жанар жағармай нысандарын сүру біраз уақытты алады.

«Көпірді басқа жерге салу ойда бар... Бірақ қашан екені нақты белгісіз. Мүмкін көктемде бастармыз», – деді Алматы облысы Қарасай ауданының әкімі Жандарбек ДАЛАБАЕВ.

Ал тұрғындар көпір салынғанға дейін өткелдің маңына құзырлы органдар жұмыс істесе дейді. Немесе бір жақты қозғалыс жасап, бағдаршам орнату керектігін айтады.

Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Мәнізоров аталған мәселе бойынша жұмыс жасалып жатыр деді. Осы уақытқа дейін жауапты министрлікке де хат жолдаған. Жоспар бойынша Үлкен айналма жол салынады. Жаңа жылға дейін жоспар дайындалатынын жеткізді. Құрылысты тездетіп бастап бітіреміз деп уәде берді.  

«Дәл қазір жанымыз қиналып тұр. Кішкене шыдам керек», – деді Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат МӘНІЗОРОВ.

Ал, бұл жағдайдан әкімдік те  «Қазавтожол» өкілдері де бұрыннан хабардар. Тіпті бұл мәселенің көтеріліп келе жатқанына 10 жылдан асып кеткен дейді шенділер.

Теги: Поезд