Ұялы байланысы жоқ ұядай ауыл. Жамбыл облысына қарасты Қаратас елдімекеніндегі жұрттың телефонмен сөйлесуі мұңға айналған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Талғат Өтегенов Қаратас ауылында кішкентайынан тұрады. 7 баланың әкесі күн сайын таң азанмен 100 литрге жуық суды құдықтан жинайды. Оның айтуынша, қымбат автоматты құрылғыны орнатудан шаршаған. Лай судың жабдықты жиі істен шығаратыны тағы бар. Су тазартқышқа кеткен қаражат та қалтаны қағатын көрінеді.
Қаратастықтардың мұқтаждығы тек ауыз сумен шектелмейді жол сапасы нашар, ал ұялы байланыс мүлде жоқ. Бұл – өркениеттен қалыс қалған ауылдың көрінісі.
«Бізде интернт жоқ, wi-fi байланыс жоқ. Елдер тау-тасты, қырды аралап кетеді. Жол жөндеу мәселесі келесі жылға қалды», – деді Қаратас ауылының тұрғыны Алтынбек Қуанышев.
Қаратас ауылының 250-ге жуық тұрғыны бар. Олар дәл батпақ кешуге мәжбүр. Ауылда Кеңестік дәуірден қалған тас жолдар. Оның өзі – қырық жамау.
Күреңбел ауылдық округінің әкімі көпті мазалаған мәселені біледі. Сәйкесінше тиісті жұмыстардың жасалып та жатқанын айтты.
«Су 2023 жылы қолға алынып, 100 пайыз кіргізіледі. Байланыс жоқ. Көрші ауылға байланыс мұнарасын орнатамыз. Жолдың жобалық сметалық құжаты дайын, келесі жылы жол салынады», – деді Күреңбел ауылдық округінің әкімі Ғани Жұбаев.
Әкімнің сөзіне сенсек, келесі жылы Қаратас тұрғындары үшін барлық жағдай жасалмақ.
Жомарт Есқара, Тілеуқабыл Саржан, «Алматы телеарнасы» Жамбыл облысынан