Бүгін қаламыздың дін қызметкерлері де Жамбыл облысында ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына арнайы құран бағыштап, қайғыға ортақтасты
«Досқа дұға» демекші, бүгін дін қызметкерлері қайтыс болған жандардың рухына құран бағыштап, марқұмдардың артында қалған туыстары мен бала-шағасына көңіл айтты. Қала тұрғындары да Жамбылдағы ағайынның қайғысына ортақтасты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін қаламыздың дін қызметкерлері де Жамбыл облысында ерлікпен қаза тапқан азаматтардың рухына арнайы құран бағыштап, қайғыға ортақтасты. Орталық мешітте өткен жиынға жамағат жиналып, жамбылдықтармен біргеміз әрі үнемі дұғадамыз деген ниеттерін жеткізді.
«Қаза болған азаматтардың отбасыларына, жақындарына қайғыра көңіл айтып отырып, көркем сабыр тілейміз. Әрине, қиын жағдай. Дей тұрғанмен ел, халық осы Жамбыл тұрғындарымен, қайғыға ұшыраған азаматтармен бірге екенімізді білсе екен дейміз», – деді қалалық бас имам Төлеби Оспан.
Ел басына күн туған сәтте қаза тапқан батырлардың есімі ұмытылмай, халық жадында мәңгі сақталары сөзсіз. Соған байланысты қала тұрғындары марқұм болған азаматтардың отбасыларына қайғыра көңіл айтты.
«Біздің халқымыздың адамгершілігі өте мол. Сондықтан да қайғыға ортақпыз. Баршамызға иман мен сабыр тілеймін», – деді қала тұрғыны Гүлмира Қасенова.
«Жарылыс барша қазақтың басына келген қайғы деп ойлаймын. Қайтыс болған азаматтардың отбасына қайғырып көңіл айтамыз», – деді қала тұрғыны Дәурен Жолманов.
Алматылықтардың арасында кезінде Арыс қаласындағы жарылысты өз көзімен көрген тұрғындар да табылды.
«Жамбыл облысында болған жағдайды естіп жатырмыз. Өзім Арыстан боламын. Бұл жағдай біздің де басымыздан өтті. Жамбыл облысының халықына қайғырып, көңіл айтамыз. Мұндай жағдай тағы да қайталанбасын», – деді қала тұрғыны Назерке Бекет.
Айта кетейік, Тәуелсіздік алғалы Қазақстанда Аза Тұту күні осымен 10-шы рет жарияланып отыр.
Мерей Қанапиянов, Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы