Бос уәдеге сенбейік - кәсіпкер Мұрат Әділханов

06.07.2019 18:50

Оңтүстік астанадағы «Сарыарқа» кинотеатры аумағына қаланың зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, өнер жұлдыздары, көпбалалы аналар, жастар ниет, тілек біріктіріп, сәулелі сөз айтуға, бірлігіміздің нық екендігін тағы да бір айшықтау үшін бейбіт митингке жиналды, деп хабарлайды Алаш айнасы порталы.


Иә, бар жақсылықтың бастамасы - бірлікте. Сондықтан халқымыз «Береке басы – ынтымақ» деген нақыл сөзді бекер айтпаса керек.



«Мен сол бірлігі жарасқан елдің арқасында табысты кәсіпкер болып қалыптастым. Бүгінде еліме пайдам тиіп, қолымнан келгенше қайырымдылықпен де айналысып жүрмін. Бірақ мен осындай жағдайға бірден жеткен жоқпын. Ауылдан, қарапайым отбасынан шықтым. Ата-анамыз 9 баланы бағып-қағып өсірді. 90-шы жылдардың қиындығына қарамай, білім іздеп Алматыға келдік. 



Жастайымнан көздеген мақсатқа ұмтылып, бизнес ашып, күн-түн демей еңбектендік. Ешкімге барып, мұң-мұқтажымызды айтпадық. Айтуға ұялдық, қиындықты өзіміз жеңе білдік. Елбасының алғашқы күннен бастап елді нарықтық экономикаға батыл көшіріп, жас кәсіпкерлерге жағдай жасауының нәтижесінде еңсе тіктедік. Жаңа жұмыс орындарын аштық, бюджетке салық төледік. Соның арқасында абыройға, құрметке бөлендік. Оған мыңда бір шүкір деймін. Оның бәрін не үшін айтып отыр дейтін шығарсыздыр. Бүгінде қоғамда кейбір масылдыққа салынған, жалқаулық жеңген, қолына күрек алып еңбек еткісі келмейтін, бірақ жұмақ өмірді аңсайтын, сол үшін мемлекетке міндет жасайтын жастар көбейіп барады. Бұл дұрыс емес. Өкінішке орай, ел арасында «сыныққа сылтау іздеп отырған» осындай адамдарға Еуропаның төрінен бұлбұлдай сайрап, жұмақ өмірге жеткізем деген кейбіреулердің бос уәделері майдай жағып отыр. Ең өкініштісі, ешбір негізі жоқ өтірікке сеніп, алаяқтардың артынан еріп бара жатқан адамдардың соны ажырата алмай отырғандығы. Жеңіл жерде байлық та, абыройда жоқ. Оның бәрі алдымен адал еңбекпен келеді», – деді бейбіт шеруде ел алдына шығып сөз сөйлеген жеке кәсіпкер, «Көктем групп ЛТД» ЖШС-нің басқарма төрағасы Мұрат Әділханов. 

Мұрат Әділханұлының тұшымды ойлары көпшіліктің көкейіндегісін дөп басып жатты. Оны қолдаған бейбіт шеруге қатысушы өзге де қайраткерлер, қариялар, аналар жиналған қауымды арандатушыларға алданып қалмауға, берекелі елдің тыныштығын бұзбай, еліміздің баянды болашағы үшін бірлесе еңбек етуге шақырды.