Бірақ бұл мәліметті жұмыс беруші тарап білмеген
Жетісу облысында бұрын істі болған адам балабақшада жұмыс істеп келген. Мұны Ақсу ауданының прокурорлары тексеріс барысында анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 52 жастағы азамат Қызылағаш ауылындағы мемлекеттік мектепке дейінгі мекемеде 9 жылдан бері күзетші болған. Оның 1994 жылы «Адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтірген» бабы бойынша істі болғаны анықталды. Бірақ бұл мәліметті жұмыс беруші тарап білмеген.
Айта кетейік, аталған білім нысаны 2010 жылы пайдалануға берілген. Қазір ол жерде 3 пен 5 жасқа дейінгі 120 бала тәрбиеленіп жатыр.
– eGov.kz-те «істі болған жоқ» деген анықтама шығып тұр. Мен ол кезде балабақша меңгерушісі болған жоқпын. Ол кісіні мен қабылдаған жоқпын, қандай мақсатпен алғанын мен білмедім? – деді балабақша меңгерушісінің міндетін атқарушы Лаура Күренкиева.
Егер де қылмыстық іс жабылып, сотталушы жазасын өтеп болса, мемлекеттік порталдан «соттылығы жоқ» деген анықтама беріле беретін көрінеді. Алайда ел заңнамасы бойынша нашақорлық, зорлық-зомбылық, адам өлімі мен адамға қасақана ауыр дене жарақатын келтіргені үшін істі болғандарға білім ошақтарында жұмыс істеуге рұқсат етілмейді. Сондықтан, прокурор актісі бойынша бұрын істі болған азамат жұмыстан шығарылды.
Оқи отырыңыз: Шымкентте оқушы адам өлтірді деген күдікке ілінді