Алматыда кім және қашан декларация тапсырады

10.04.2023 18:59

Жылдық табысқа жеке тұлғаның барлық кіріс түрі кіреді

strategy2050.kz

Алматы қаласы 240 нысандағы декларацияны кім және қай уақытта тапсыратыны баяндалды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті кеңсе мониторингі басқармасының бас маманы Қайрат Тұрымбетов баяндап берді.

240-нысандағы декларацияны тапсыру мерзімі кірісті алғаннан кейінгі жылдан кешіктірілмеуі қажет.

«Егер кіріс 2023 жылы алынған болса, онда декларация 2024 жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей тапсырылады», – деп түсіндірді спикер.

Декларацияны тапсыру мерзімдерін бұзуға келетін болсақ, бірінші рет ескерту беріледі, қайталап бұзу 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтырады.

Департаменттің мәліметінше, азаматтардың келесі санаты жеке табыс салығы бойынша декларация тапсырады:

- жеке кәсіпкерлер;

- жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар;

- мүліктік кіріс алған жеке тұлғалар;

- Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі табыс көздерінен табыс алған жеке тұлғалар және т.б.

Жылдық табысқа жеке тұлғаның барлық кіріс түрі кіреді. Мысалға, бұл қатарға тауарды сатудан, жұмысты орындаудан, өтеусіз алынған мүліктен, дивидендтер түріндегі табыстар, сыйақылар, ұтыстар, стипендиялар, мүліктік кірістер және т.б. жатады.