Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында газ саласы маңызды рөл атқарады
Бағаны жасанды жолмен ұстап тұру газ тапшылығын туындатуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында осындай пікір айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік әл-ауқатында газ саласы маңызды рөл атқарады. Жаңа өнеркәсіп объектілерін енгізу және елді газбен қамту есебінен ішкі нарықта газды тұтыну жыл сайын артып келеді. Кейінгі 10 жылда екі еседен астам – 9 миллиардтан 19 миллиард текше метрге дейін өсті. Елімізде келесі жылдың өзінде газ тапшылығы болатыны туралы болжамдар айтылып жүр. Бұл ретте, газды экспорттық нарықтан ішкі нарыққа қайта бағдарлау – валюталық түсімнің жоғалуына және сауда теңгерімінің нашарлауына әкелетін мәжбүрлі қадам екенін түсіну керек», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент аталған проблеманы шешу үшін ресурстық базаны ұлғайтып, газды қайта өңдеу шараларын жолға қою қажеттігін еске салды.
«Газ өндіру мен өңдеуді ұлғайта отырып қана мемлекет экспорттан пайда тауып, ішкі қажеттіліктерді толық көлемде қамтамасыз ете алады. Сондықтан, газ өндіру жөніндегі жаңа жобалардың фискалдық преференцияларын пысықтаған жөн. Сондай-ақ, Үкімет ұлттық компаниялар арасында функцияларды нақты бөлуге тиіс. Біз сұйытылған мұнай газының бөлшек саудадағы бағасын реттеу мерзімін осы жылдың соңына дейін ұзартуға мәжбүр болдық. Алайда, болашақта бағаны жасанды жолмен ұстап тұру тапшылыққа әкелуі мүмкін. Бұл – нарық заңы. Сондықтан, Үкімет баға ауытқуларына жол бермей, сауда-саттықты бастау шараларын қабылдауы керек», – деді Мемлекет басшысы.