Отбасы күні: ШҚО-дағы түрмеде ерекше акция өтті

12.09.2021 19:14

Акция аясында жазасын өтеушілер таксофон, хат жазу, бейнеқоңырау арқылы өз жанұяларымен хабарласты

inform.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы ОВ 156/6 түзету мекемесінде «Отбасы барда үзілмес біздің үмітіміз» атты акция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ШҚО ҚАЖ департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Отбасы күніне орай ОВ 156/6 қауіпсіздігі жоғарғы мекемесінде акция өтті. Соның аясында жазасын өтеушілер таксофон, хат жазу, бейнеқоңырау арқылы өз жанұяларымен хабарласты. Мысалы, 12 жылға бас бостандығынан айырылған Дмитрий мекеме әкімшілігіне отбасымен Skype арқылы сөйлесуге өтініш білдірген. 

Павлодар қаласында тұратын анасы және қарындасымен бейнеқоңырау арқылы байланысқа шыққан ол «Мен сіздерді қатты сағындым. Отбасы күні құтты болсын! Ешқашан ауырмаңыздар» деп жақындарымен қауышқысы келіп жүргенін айтты. Жазасын өтеуші Қанат Жолдыбаев көпбалалы әке. Балаларына хат арқылы ішкі жан дүниесін ақтарған Қанат «Айналайын жандарым, қалдарың қалай? Сабақтарың жақсы ма? Сендерді қатты жақсы көремін! Бостандыққа шығатын күнімді тағатсыздана күтіп жүрмін» деп жазды. 

«Сотталғандар ішінде отбасы жоқтары да жетерлік. Мұндай адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп тұрады. Жазасын өтеп болғаннан кейін олар әлеуметтік бейімдеу орталықтарына орналастырылады», – деді мекеме бастығы Қуанышбек Ағысбаев.