Тімтуір өзенінде су деңгейі 23 сантиметрге дейін көтерілген
Қостанай облысында Тімтуір өзені арнасынан асып, салдарынан Қарамырза ауылындағы үйлерді су басты. Қазір ондағы жұрт елдімекеннен көшіріліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
552 тұрғыны бар ауылға су тасқыны қаупі туралы алдын-ала хабарланған екен. Өзендегі су деңгейі бір тәуліктің ішінде 23 сантиметрге дейін көтерілген. Мәселені шұғыл шешу үшін ауыл әкімдігінің ғимаратында аудан әкімінің басшылығымен жедел штаб ашылды. Жедел құтқару жұмыстарына мамандандырылған бөлімшелерден 6 бірлік техника, 14 мотопомпа мен 25 адам жұмылдырылды.
«Қызметкерлер қазір Қарамырза ауылының 95 нысанында жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер жоқ. Төтенше жағдайлар департаментінің көмегімен бір түн ішінде 23 адам эвакуацияланды. Барлығы өз қалауы бойынша туған-туыстарының үйіне орналастырылды. Жағдай бақылауда», – деді Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Азамат Орымбаев.