Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі табылмады
Қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 2 мыңнан астам қару әлі табылмады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бас прокуратураның мәліметінше, гранаталар, автоматтар мен мылтықтар, тапаншалар осы күнге дейін жоқ. Оларды іздестіру шарасы жалғасып жатыр. Ал «Дикий Арман» лақап атымен танылған Арман Жұмагелдиев ұйымдастырған қылмыстық топтың 24 мүшесі жазаланыпты.
«Қаңтар оқиғасы бойынша 1350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді. Оның ішінде 1113 азамат сотталды. 315 адамға қатысты 127 іс тергеу сатысында», – деді ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов
Ал жаппай тәртіпсіздік кезінде зардап шеккен бизнес өкілдеріне шамамен 15 миллиард теңге өтемақы беріліпті. Негізі Қаңтар оқиғасында кәсіпкерлерге 37 миллиард теңге шығын келтірілген. Сондай-ақ әкімдіктер мен күштік құрылымдардың ғимараты да қатты бүлінді. Оларды қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр.
«Сонымен қатар, мемлекеттік нысандарға да орасан залал келтірілді. Тек Алматы қаласы, Алматы облысы, Жамбыл облысында полиция департаменттерінің ғимаратының қалпына келтіруге 2,7 миллиард теңге қаражат бөлінген», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаменті бастығының орынбасары Нұрлан Дүйсенбаев.