Актер Дулыға Ақмолда 50 жасқа толды

10.12.2021 20:14
newsroom.kz

Бүгін кино және театр актері, тележүргізуші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дулыға Ақмолда 50 жасқа толды. 

Таңғы STUDIO бағдарламасында  «Алматы» телеарнасының ұжымы актерді мерейтойымен құттықтады. 

Дулыға Досмахамбетұлы Ақмолда  - 1971 жылы 10 желтоқсанда Жамбыл облысы Сарысу ауданы Саудакент ауылында дүниеге келген.

1993 жылы Қазақ мемлекеттік Т.Жүргенов атындағы театр және кино институтының (қазіргі Өнер академиясы) театр және кино актері мамандығы бойынша білім алған.

Ұлттық классика мен заманауи драматургияда: М.Әуезовтің «Абайында» Мағауия (реж. Ә.Мәмбетов), Керім (реж. Е.Обаев), «Айман-Шолпанында» Жарас (реж. Е.Обаев), М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсінде» Әзімбай (сахналық нұсқа Ә.Тарази), Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуында» Жантық («Махаббат дастаны») (реж.Қ.Сүгірбеков), А.Сүлейменовтің «Кегінде» бекзада Сарын, «Жетінші палатасында» Рахат, «Қыздай жесір – штат қысқартуында» Дәріс (реж. Ә. Рахимов), Шахимарденнің «Томирисінде» Спаргапис, Шахимарден мен Қ. Ысқақтың «Қазақтарында» Мойынсыз (реж.Т. әл-Тарази), Т. Ахметжанның «Сұлу мен суретшісінде» Суретші (реж. Н. Жақыпбай), Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматовтың «Көктөбедегі кездесуінде» Мәмбет (реж.О. Кенебаев), Д. Исабековтың «Жаужүрегінде» Троицкий (реж. Е. Обаев), С.Асылбекұлының «Империядағы» кешінде» Тойболды (реж. А. Кәкішева), М. Әуезовтің «Қилы заманында» Фонов (реж. Ә. Рахимов), И. Ғайыптың «Мен ішпеген у бар ма?…» спектаклінде Күнту (реж.О.Кенебаев), Т.Әбдіковтың «Ұлы мен ұры» қойылымында Ұры (реж. Е. Обаев, Е. Нұрсұлтан), Ғ. Есімнің «Таңсұлуында» Бақсы (реж. А. Кәкішева), Иран Ғайыптың «Қорқыттың көрінде» Қорқыт т.б. Әлемдік классика мен заманауи драматургияда: Шекспирдің «Асауға – тұсауында» Горацио (реж. Ә. Мәмбетов), «Ромео мен Джульеттасында» Ромео (реж. О. Салимов), К.Гоццидің «Турандот ханшайымында» Бригелла (реж. Т. әл-Тарази), Гогольдің «Ревизорында» Хлестаков («Пара», реж. Е. Обаев), «Үйленуінде» Кочкарев (реж. В. Захаров), Чеховтың «Шағаласында» Треплев (реж. Б. Атабаев), Кафканың «Құбылысында» Грегор Замза (сахналық нұсқа Е. Аманшаев, реж. Қ. Сүгірбеков) Г.Гауптманның «Ымырттағы махаббатында» Ганфельд (реж. Р. Андриасян), М. Кәрімнің «Ай тұтылған түнінде» Диуана («Күнәһар», реж. О. Кенебай), түрік драматургы Т.Жуженоғлының «Көшкінінде» Жігіт (реж. А. Кәкішева) т.б сахналық рөлдерді сомдаған.

Сонымен қатар «Қыз жылаған», «Сардар», «Біржан сал», «Егіздер», «Ақсұңқар»,  «Мағжан» атты фильмдерде ойнаған.