Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы

14.06.2024 19:10

Мемлекет басшысы үлкен кеңес өткізді

elements.envato.com

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Президент бұл саланың әлемдік экономиканың қарқынды дамуына ықпал етіп отырғанын әрі инвесторлар үшін маңызды екенін атап өтіп, ондағы түйткілді мәселелерге тоқталды. Көлік инфрақұрылымын жақсарту үшін бірнеше бағыттағы жол құрылысын биыл толық аяқтау қажеттігін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Бурабай аймағын дамыту керектігін сөз етіп, Бақты және Көлжат бақылау-өткізу бекеттеріндегі жаңғырту жұмыстарын тезірек аяқтауды тапсырды.

Мемлекет басшысы еліміздің географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқанына, алуан түрлі табиғатқа, тарихи-мәдени мұраға бай екеніне қарамастан, саладағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отырғанын сынға алды. Оның сөзінше, соңғы төрт жылда экономика құрылымындағы туризмнің үлесі 3,7 пайыздан 3,2 пайызға дейін азайып кеткен. Бұл - әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе төмен.

- Көрсетілетін қызметтер бойынша әлемдік экспорттың 30%, инвестицияның 7% және салық түсімдерінің 5% туризм арқылы түседі. Қазақстанда туризмнің барлық түрін дамытуға мол мүмкіндік бар, экологиялық туризмнен бастап бизнес туризміне дейін дамытуға болады, - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы туризмнің инвестициялық тартымдылығын арттыру қажет екенін де жеткізді. Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауы бойынша еліміз саладағы іскерлік ортаны дамыту деңгейі тұрғысынан 119 елдің ішінде 70-інші орында тұрғанын атап, бизнес жүргізуге қолайлы жағдай жасалмағанына да тоқталды.

- Сол себепті туристер легі артқанына қарамастан, курорттық аймақтардағы орын саны өспек тұрмақ, керісінше, азайып барады. Алакөл демалыс аймағының Жетісу облысы жағы мен Алматы тау кластері көш соңында келеді. Алакөлдегі қонақүйлер, отельдер мен туристік базалардың саны 24-ке, ал Алматыда 16-ға қысқарған. Соның салдарынан бюджет тұрақты салық түсімінен, ал өңірлер жұмыс орындарынан қағылып отыр, - деп атап өтті ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы туризм саласына инвесторларды тарту үшін ашық әрі тұрақты жағдай қажет екенін де атап өтті. «Үкімет пен өңірлердің әкімдері курорттық аймақтар құрылысының бас жоспарын цифрлық нұсқаға көшіруге кірісіп, оған ашық қолжетімділікті қамтамасыз еткені жөн деді. Осылайша инвестордың бос жер телімдері туралы маңызды ақпарат алуына мүмкіндік тумақ.

- Осыған орай, әлемнің түкпір-түкпірінен шетелдік IT-мамандарды, яғни «цифрлық көшпенділерді» тарту ісіне айрықша мән беру қажет. Үкімет биыл қазан айынан бастап арнайы «Digital Nomad Visa» және «Digital Nomad Residency» бағдарламаларын іске қосуы керек, - деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, отандық туризмді тежейтін мәселенің бірі – көлік инфрақұрылымының нашарлығы. Мемлекет басшысы: еліміздегі теміржол саласы сын көтермейтінін, вагондардың көбі әбден ескіргенін айтып, бес жылда паркті жаңарту туралы міндет жүктеді. Сондай-ақ, теміржол стансаларының аумағын абаттандыру керек, барлығы халықаралық стандарттарға сай болы тиіс деді. Жаз айларында жолаушылар саны күрт көбейетіндіктен автомобиль жолдарының сапасын жақсарту үшін, жөндеу жұмыстарын биылдан қалмай аяқтау қажеттігін айтты.

- Құрылысы аяқталмай жатқан тағы бірнеше жоба бар. Бұлар – Атырау – Астрахань, Талдықорған – Өскемен, Мерке – Бурылбайтал, Ақтөбе – Қандыағаш, Казталовка – Жәнібек бағыттары. Бір сөзбен, мұндай ахуал аймақтардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Оның үстіне, жол жөндеу жұмыстарының сметалық құны жыл сайын қымбаттайды. Үкімет осы құрылыстарды биыл толық аяқтауы керек. Барлық бағыттар бойынша жұрттың кедергісіз қатынауын қамтамасыз ету қажет,- ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сондай-ақ Алматы – Қазақстан туризмін дамытудың басты орталығы екенін айтып, облыстағы Түрген шатқалында жыл бойы жұмыс істейтін тау курортын салуды тапсырды. Сарапшылардың болжауынша, 2029 жылы мегаполистегі тау кластері жылына 3 миллион 700 мың адамды қабылдамақ. Сонымен қатар, мемлекет басшысы Дубай мен Баку қалаларының тәжірибесін ескере отырып, Ақтау қаласының Бас жоспарын қайта қарауды, Бурабай аймағына Астана, Қарағанды, Павлодар, Өскемен қалаларынан жедел қатынайтын пойыздарды іске қосуды, Қазақстан туризмін насихаттау үшін заманауи құралдарды белсенді қолдануды тапсырды.

Рүстем Айткәрім, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы.

Оқи отырыңыз: Мемлекет басшысы туризмді дамыту жөнінде кеңес өткізді