Бүгін Алматы құтқарушылары жылыту қазандығынан өрт шықты деген дабыл бойынша аяғынан тік тұрғызылды. Осындай сценарий желісімен өрбіген «Қыс-2019» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларына қаладағы барлық шұғыл қызметтер бір кісідей ат салысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқу-жаттығу кезінде апаттық-құтқару және қалпына келтіру жұмыстары пысықталды. Қазандықтағы апатты жоюдан бұрын, арнайы техниканы мен альпинистік жабдықтардың көмегімен ғимараттың жоғарғы қабаттарынан адамдарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді.
«Қыс-2019» командалық оқу-жаттығу өткізілді. Өрт сөндіру қызметінен төрт бірлік техника және 25 адам жұмылдырылды. Басты мақсат өрт ошағын тауып, жою. Басты мақсат – адам өмірін құтқару, қандай қиыншылық болса да, адам шығынын болдырмай, өртті ауыздықтау», - деді Алматы қаласы №17 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл басшысы Асқар АУҒАНБАЙ.
Мұндай жаттығу қыс маусымының алдында жылда өткізіліп тұрады. Биылғы шарада ыстық және суық су магистральды құбырлары бұзылған және әуе желілері сымдарының үзілуі кезінде авариялық-қалпына келтіру жұмыстары пысықталды. Өрт кезінде ғимарат үстінде қалып қойған қызметкерлер арқан арқылы жерге түсіріліп, оларға бірден медициналық көмек көрсетілді.
«Бүгінгі оқу-жаттығуға қала бойынша 314 адам және 72 бірлік техника жұмылдырылды. 8 аудан бойынша әкімдіктегілермен бірлесіп практикалық түрде өзара іс-қимыл пысықталуда», - деді Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Гүлдана НҰРЫМБЕТОВА.
Оқу-жаттығуды мұқият қадағалған жауапты шенділер азаматтық қорғау қызметкерлерінің жұмысына оң бағасын берді. Осылайша төтеншеліктер қыс маусымының алдында дайындықтарын тағы бір мәрте пысықтап алды.
Қуан Нұрақын, Влад Шишко «Алматы» телеарнасы