Алматымен аттас ұстаз – Есімімді атажұртты аңсаған атам қойған

07.12.2021 00:46

Қарағанды облысына қарасты ауылдардың бірінде алғаш рет қазақ сыныбының ашылуына Дарья әулеті себепкер болған екен

almaty.tv

Дінімізде балаға қойылатын есім мағынасы дұрыс, естір құлаққа жағымды əрі көркем болуы керек. Себебі жақсы есім баланың болмысына, оның қалыптасуына тікелей әсер етуі мүмкін. Дегенмен көпшілік сәбиге есімді түрлі жайтқа байланыстырып қойып жатады. Мысалы, елімізде Қазақстан есімді – 24, Алматы есімді 21 адам тұрады екен. Бұл есімдер елімізбен байланыстырып қойылған секілді. Осы орайда Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай есімі ерекше, естіген елді елең еткізетін Алмата Дарья есімді  отандасымызбен  Almaty.tv  тілшісі сұхбаттасып көрген еді. 

Алмата Дарья – 1986 жылы Моңғолияда дүниеге келген. 1991 жылы небәрі 5 жасында Қазақстанға қоныс аударған. Қарағанды облысында 1-9 сыныпқа дейін білім алған. Ал 10-11 сыныпты Алматы облысы Жамбыл ауданында оқып, мектепті үзік бітірген. 2004-2008 жыл аралығында Қарағандыдағы ҚарТУ-да оқып тәмамдаған. 2008 жылы «Нұрқазған» кенішінде 1 жыл жұмыс істеген. Қазіргі таңда Жамбыл ауданының Ақсенгір ауылында мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарады. Тұрмысқа шыққан, төрт баланың анасы.

«Менің атымды 1986 жылы Алматыдағы Желтоқсан оқиғасына байланысты атам Алма-ата деп атаған екен. Туу туралы куәлікте Алма-ата деп жазылған. Кейін төлқұжат алғанда Алмата деп түзетіп жаздырып алдым. Негізі атам қазақ жеріне қоныс аударуды аңсап өткен адам. 1990 жылы Моңғолияда қайтыс болды. Туған жердің топырағын бір бассам деген арманы орындалмады. Сол атамның арманын орындау мақсатында әкем 13 бауырын алып, 1991 жылы Қазақстанға қоныс аударды», – дейді ұстаз.

Қарағанды облысына қарасты ауылдардың бірінде алғаш рет қазақ сыныбының ашылуына Дарья әулеті себепкер болған екен.

«Қарағанды облысы Шет ауданы Мұхтар ауылына келгенде мүлдем қазақ сыныбы болған жоқ. Моңғолиядан көшіп келген 13 ағайындының баласы шамамен 30-40 баладай болдық. Сол кезде алғаш рет қазақ сыныптары ашылды. Оның ашылуына біз себепкер болдық десем болады», – дейді Алмата.

Отандасымыздың айтуынша, есіміне байланысты қызықты оқиғалар жиі болып тұратын көрінеді.

«Менің фамилям Дарья, ал есімім Алмата. Елдің көбі мені аты-жөнімді шатастырып Дарья деп жатады. Әлі есімде, Қарағанды теміржол вакзалында билет алуға бардым. Сол кезде сіңілімнің тұрмысқа шыққан жері «Бұрма» станциясы, оның қасында «Дария» деген станция бар екен. Билет алу барысында аты-жөнімді кассирге жазып бердім, сол кезде маған қарап, «Дарья – Алматы деген пойыз жоқ қой» деді. Бұл менің аты-жөнім деп едім, артымда тұрған 10 адам маған таңғалып қарады. Өзім ыңғайсызданып қалған болатынмын», – дейді ұстаз. 

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде еліміз біраз қиындықты еңсеріп, дамудың даңғыл жолына түсе білді. Осыған орай Алмата Дарья қазақ халқына деген өзінің ізгі тілегін білдірді.

«Отанымыз көркейе берсін, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын! Қазіргі белең алып жатқан сырқат бізді айналып өтсін, жеңілінен берсін. Халқымыз тыныш болсын, соғыс болмасын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Дәулетіміз шалқып, береке-бірлігіміз жараса берсін!» – дейді ол.